Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында 2013-2014 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.

С.Ахметов негізінен қысқа дайындық жұмыстарының аяқталғанына тоқталып, отын-энергетикалық кешендер мен өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы мәселесінің Мемлекет басшысының айрықша бақылауында отырғанын атап көрсетті.

                     

Энергетикалық кәсіпорындар мен магистралдық электр желілерінің әзірлігі туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Б.Жақсалиев баяндады.

Энергия кәсіпорындарын дайындау бойынша белгіленген шаралардың көп бөлігі орындалған, деген Б.Жақсалиев, проблемалық мәселелерге тоқталды. Оның қатарында жылу желілерінің ескіргенін, жөндеу жұмыстарының кестеден қалып отырғанын, атай келіп «таяуда Үкіметке қыс маусымына төменгі дайындықпен келген өңірлер бойынша ұсыныс енгізілетін болады»,-деді. Оның сөзіне қарағанда, «үстіміздегі жылы энергия кәсіпорындарының күз бен қыс айларында іске қосылуына олардың дайындық паспортын алуы міндеттелетін болады. Құжаттардың ұсынылу мерзімі биылғы 1 қазанда аяқталады».

Тұрғын-үй коммуналдық сектор мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығы туралы Өңірлік даму министрінің орынбасары С.Нокин хабарлама жасады.

Бұл мәселе бойынша, одан басқа Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.Сапарбаев, Қостанай облысы әкімі Н.Сәдуақасов, Ақмола облысы әкімі Қ.Айтмұхаметов, Жамбыл облысы әкімі Қ.Бозымбаев, Маңғыстау облысы әкімі А.Айдарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі А.Мырзахметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары В.Крылов сөз сөйледі.

Үкімет басшысы жылу беру маусымына дайындықтың жаман еместігіне тоқталып, алайда, қыстың ерте түсуі мүмкіндігін ескере келе өңірлер басшыларының назарын энергия көздерінің дайындығын қосымша тексеруге, электр және жылу қуатын тасымалдау желілерінің, әлеуметтік-мәдени нысандары мен тұрғын үйлердің жағдайына және жылу беру маусымын белгіленген мерзімде ұйымдасқан түрде бастау бойынша тиісті шаралар қабылдауға аударды.

Жылу беру маусымын ұйымдасқан түрде өткізу бойынша өңірлер әкімдерінің жеке жауапкершіліктері туралы естеріне салған, С.Ахметов назарды әлеуметтік нысандарды уақытында жылу жүйесіне қосу мәселесіне аудартты.

Премьер-Министр сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар, Өңірлік даму, Төтенше жағдайлар министрліктеріне «жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жұмыстары барысын бақылауды жалғастыра беруді нұсқады». Индустрия және жаңа технологиялар, Мұнай және газ министрліктеріне «ҚазМұнайГаз» бен бірлесіп «жылу беру маусымы бойында барлық энергия көздерін мазутпен және газбен үздіксіз жабдықтап отыруды қамтамасыз ету және осы орайда тиісті шаралар қабылдау» тапсырылды.