— Отырыс барысында мал шаруашылығын дамыту, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері — «Астана-1» ААЖ жобасын іске асыру, медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері қаралды.

— Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасымен таныстырды. Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браун, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Inalca Eurasia трансұлттық корпорациясының вице-президенті Андрей Вакулин, «Астық индустриясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әлжан Хабиев сөз сөйледі. Сондай-ақ, отырыста Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев сөз сөйледі.

— «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Астана-1» АЖ-ны енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пайдасы туралы айтып берді. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин мен Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.

— Медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері бойынша денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов есеп берді. Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов пікір білдірді.

— ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әрбір қаралған мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

— Отырыс қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің, ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтың, сондай-ақ «Қазақстанның ет одағы» ЖКЗТО бас директоры Мақсұт Бақтыбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

— Арман Евниев Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018–2027 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру туралы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мұнда Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ оны іске асырудан алынатын нәтиже туралы баяндалды. Бағдарламаны іске асырудың бір шарасы — фермерлерге 76 млн га жайылым жерді басымдықпен бөлу. Сондай-ақ, жер телімдерін бөлу рәсімдерін электронды форматқа көшіру жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатқаны аталып өтті.

— Еркебұлан Ахметов ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті және мал санын көбейту үшін таза асыл тұқымды ІҚМ импорттау туралы айтып берді. Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық бағыттарын талдауға арналған жұмыс туралы журналистердің сауалдарына жауап берді.