Юрий Ильин адамдар көп баратын нысандарда өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылау бойынша жүргізілген тексерістердің қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, азаматтық қорғаныс органдары халық көп баратын сауда нысандарының өртке қарсы қауіпсіздік шараларын тексеруді аяқтады. Жалпы, елімізде 1243 нысан тексерілді, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 15 мыңнан астам өртке қарсы қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. 19 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұлдар салынды.

Сондай-ақ, Юрий Ильин суға түсу маусымына даярлық пен еліміздің су қоймаларында адамдардың өліміне жол бермеуге бағытталған шаралар туралы айтып берді. Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, биыл Қазақстанда суға түсуге 121 қалалық және 569 жеке жағажай анықталған. 28 мамырдағы жағдай бойынша жергілікті полиция қызметі су маңайында орналасқан демалыс орындарында және 568 табиғи жағажайда 627 торуылдау және рейд тексерістерін өткізді, оның барысында 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.