— Отырыста ҚР «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы, электрондық коммерцияны дамыту, Қазақстанның VII азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру мәселелері қаралды.

— Жоспардағы күн тәртібінен тыс денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың менингококк инфекциясының таралуына байланысты орын алған жағдай туралы баяндамасы тыңдалды. Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар ашық мәселелерді атап өтіп, нақты тапсырмалар берді.

— Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2014–2017 жылдарға арналған ҚР-ның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы жүзеге асырудың негізгі қорытындыларымен таныстырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев су ресурстарын орнықты пайдалану, жоғары өнімді ауыл шаруашылығы және экожүйелерді сақтау туралы баяндама жасады. «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» қауымдастығының басшысы Салтанат Рахымбекова Қазақстанды «жасыл экономикаға» көшіру бойынша қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Ақтөбе облысында «жасыл экономикаға» көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ЖЭК нысандарының жұмысы туралы өңір әкімі Бердібек Сапарбаев баяндады.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев электрондық коммерцияны дамыту мәселелері жөнінде баяндады. Электрондық коммерцияны дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәселені қарау барысында ҚР Ұлттық банкі басқарма төрағасының орынбасары Ж. Құрманов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С. Сәрсенов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов сөз сөйледі. Өңірлерде онлайн сауданы дамыту қарқыны туралы Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев баяндады.

— Қазақстанның 7-ші азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев баяндады. Мәселені қарау барысында Almaty Management University президенті А. Қожахметов те сөз сөйледі. Ол коммерциялық емес секторды дамыту және азаматтық белсенділік саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

— Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің, ҚР ЭМ Жасыл экономика департаменті директорының орынбасары Анар Бұлжанованың, ҚР ЭМ қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару департаментінің басшысы Гүлшира Әтемованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

— Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев «жасыл экономикаға» көшу бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, «жасыл экономика» бүгінгі таңда Қазақстанның дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі болып табылады. 

— Мағзұм Мырзағалиев Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «жасыл жобалар» және «жасыл» қаржыландыруды мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу жұмыстарын бастағанын атап өтті

— Анар Бұлжанова журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, бүгінгі таңда заңдық, құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп жатқанын атап өтті. Орталықтың қызметі Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.