ҚР Үкіметінің отырысы, 01.02.2022

1 ақпан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда жағдай тұрақтануда. Бұрынғыдай бүкіл ел және 14 өңір «қызыл» аймақта, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы «сары» аймаққа өтті, Түркістан облысы «жасыл» аймақта орналасқан.

  • Үкімет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, барлық оқу орындарында санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді, халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырды.

  • Сонымен қатар ҚР Үкіметінің отырысында жалдау ақысын субсидиялау және еліміздің тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндама жасады. Бүгінгі күні елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішінде 210 мың адам халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жатады.

  • Екінші мәселені талқылау барысында Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, аренданы субсидиялау механизмін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруға кірісуді тапсырды. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және одан әрі жеңілдету үшін ҚР ИИДМ-ге құрылыс саласын реттеуге цифрлық технологияларды енгізу бойынша заң жобасын осы жылғы 1 сәуірге дейін Үкіметке енгізу тапсырылды.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысында білім және ғылым жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспарлар қаралды. Білім және ғылым министрлігі қандай реформаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.

  • Премьер-Министр педагогтерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында кадрлар тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі шараларды қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар Ә. Смайылов жақын орналасқан мектептен тыс ұйымдарды, тегін мектеп үйірмелерін, спорттық секцияларды, аула клубтарын көбейту жұмысын жүргізу қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында әр өңірдегі белгілі бір жұмысшы мамандықтарға деген қажеттілікті ескеруді тапсырды. Үкімет басшысы жоғары білім беру жүйесін, әсіресе, техникалық жоғары білім беруді қайта қарауды, танымал университеттердің филиалдарын, кампустарын ашу ісінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы осы жылғы 10 ақпанға дейін Кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алуын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасын, осы жылғы 7 ақпанға дейін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі Жол картасын енгізу керектігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу