ҚР Үкіметінің отырысы, 07.03.2023

7 наурызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Отырыста білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

— Премьер-Министр баяндамашыларды тыңдап, Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс.

— Министрлер кабинеті оқу процесін цифрландыру мәселесін қарастырды. Бұл мәселе бойынша оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек сөз сөйледі.

— Премьер-Министр 15 наурызға дейін Оқу процесін цифрландыру жөніндегі жол картасын қабылдау керектігін айтты. Онда оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар көзделуі тиіс.

— Сонымен қатар отырыста гендерлік теңдікті сақтау, жұмыспен қамту және әйелдер денсаулығы мәселелері қаралды. Аталған тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.

— Премьер-Министр көптеген елде әйелдер қауымы гендерлік кедергілерге тап болатынын айтты. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2022 жылғы мәліметтері бойынша, гендерлік алшақтықты жою үшін 132 жыл қажет болады. Қазақстан, өз кезегінде, 15 тармаққа көтеріліп, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде өз позициясын жақсартты. Біздің елімізде әйелдер мемлекеттік басқару ісіне тең дәрежеде қатысады, белсенді қоғамдық қызмет жүргізіп, бизнес-жобаларды іске асыруда. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі – 45%. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу