ҚР Үкіметінің отырысы, 10.03.2026

10 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметінің отырысында тұрғын үй құрылысын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Жиында құрылыс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов, сондай-ақ Түркістан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдері баяндама жасады.

  • Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырып, әртүрлі жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіруге және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект министрліктеріне биылғы шілде айының соңына дейін жобаларды сараптау бойынша жасанды интеллект модульдерінің пилоттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Отырыста саланың ағымдағы жағдайы туралы баяндама жасаған өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру мен қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтіп жатқанын атап өтті

  • Саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биылғы 9 қаңтарда қол қойылған. Кодекс аясында бақылауды күшейту және сала қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Мемлекет басшысы құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізу міндеттемесін жүктеген болатын. Қазіргі уақытта құрылыс саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр.

  • Өз кезегінде Жаслан Мәдиев еліміздің құрылыс саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер толығымен онлайн-форматқа көшірілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігімен бірлесіп, құрылыс саласын цифрлық трансформациялау картасын жүзеге асыруда.

  • Құрылысты цифрландыру саланы барлық қатысушы үшін тиімдірек, ашық əрі қауіпсіз етеді. Мемлекетке жер мен бюджет қаражатын пайдалануды қадағалау жеңілдейді. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тəуекелдері азаяды. Цифрлық бақылау нәтижесінде азаматтар тұрғын үйді сатып алардан бұрын нысан туралы толық ақпарат біле алады.

  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов Үкімет отырысында холдинг желісінің тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Бәйтерек холдингі өзінің еншілес ұйымдары Қазақстан тұрғын үй компаниясымен және Отбасы банкпен бірлесіп, 2025 жылы тұрғын үй құрылысына жалпы 2,35 трлн теңге сомасында қолдау көрсетілгенін атап өтті. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу