ҚР Үкіметінің отырысы, 12.07.2023

12 шілдеде Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Үкіметінің отырысында биылғы қаңтар-маусым айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Онда Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады.

— Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5%-ға өсуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты, бұл халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал ететін факторға айналады. Осыған байланысты ол экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Сонымен қатар олардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек.

— Үкімет отырысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Онда ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

— Әлихан Смайылов қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сол себепті бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиіс. Әсіресе, бұл құрылыс маусымы қысқа және жылыту маусымы ерте басталатын солтүстік облыстар үшін өзекті. 

— Үкімет отырысында өңірлік жұмыспен қамту карталарын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

— Әлихан Смайылов өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру, шағын несиелер беру барысында жастардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа тұруына баса назар аудару, сондай-ақ жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Бұдан басқа, тұрақты және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа тұру мүмкіндігі, қайта білім алу, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант немесе шағын несиені қалай алуға болатыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу