13 қазан күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Жиында Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Көлік министрліктері басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндады. Оның деректері бойынша осы жылы экономика бірқатар тежеуші факторлар жағдайында дамуда. Біріншіден, бұл мұнай өндірісінің азаюы және мұнай секторының жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлесі. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарып, 69,4 млн тоннаны құрады. Екіншіден, теңгенің нығаюы экспортқа бағдарланған салалар мен бюджет кірістеріне тежегіш әсер етуде. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу өсуінің баяулауы тұтынушылық сұранысты тежеуде.
Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу қорытындылары туралы қаржы министрі Мәди Такиев айтып берді. Оның айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру қамтамасыз етілді. Республикалық бюджет бойынша кірістері жоспарлы көрсеткіштер деңгейінде орындалуда. Трансферттерді есепке алмағанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгені құрап, жоспар 98,5%-ға орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 16,3%-ға жетіп, 2,8 трлн теңге болды. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге артып, жалпы өсім қарқыны 130,3%-ды көрсетті.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің тұрақты өсімі қамтамасыз етілген. Нақты көлем индексі 106,2%-ды құрап, сауда көлемі 61 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға жоғары. Көтерме сауда 16%-дан астамға, бөлшек сауда 15%-ға өсті.
Осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,8%-ға артып, 7,3 трлн теңгені құрады. Өсім өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,6%-ға, мал шаруашылығы өндірісінің 3,5%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Баяндама барысында ол облыстар бөлінісінде республикалық көрсеткіштен жоғары өсім қарқыны 5 облыста қамтамасыз етілгенін атап өтті: Қостанай облысында – 111,4%, Солтүстік Қазақстан облысында – 110,6%, Ақмола облысында – 107,3%, Түркістан және Павлодар облыстарында – 106,8%.
Елімізде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсіп, оң динамика көрсетіп келеді. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, өндіріс көрсеткіші машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салаларда өскен. Аталған өсім жаңадан іске қосылған өндіріс орындарының есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы отын-энергетикалық кешеннің жағдайы туралы баяндады. Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемі 69,4 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,7%-ды құрайды. Ірі компаниялар бойынша мұнай өндіру көлемі Теңіз кен орнында – 26,7 млн тоннаны немесе 88%-ды; Қашағанда – 12,8 млн тоннаны немесе 94%; Қарашығанақ кен орнында – 7,5 млн тоннаны немесе 82%-ды құрады. Бұрын төмендеген көлемдерді қалпына келтіру мақсатында Қашаған және Теңіз кен орындарындағы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары кейінге ауыстырылды. Ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіру көлемін арттыру жөніндегі шаралар туралы келіссөздер жүргізілуде.
Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алдына қажетті шараларды қабылдау бойынша бірқатар міндет қойды. Нақты секторды одан әрі дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін төмендетіп алмау маңызды. Металлургия экономикадағы көптеген салалардың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, қолда бар әлеуетті іске асыру бағытында тиісті шараларды қабылдау керек. Металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен толық қамтамасыз ету үшін шетелдік серіктестермен барлық келіссөздерді аяқтап, нақты қадамдарға кірісу қажет. Оның ішінде, өнімді жеткізу географиясын кеңейтуге де баса назар аударған жөн деп тапсырды Олжас Бектенов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз