ҚР Үкіметінің отырысы, 14.02.2023

14 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Отырыста 2023 жылғы қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

— Үкімет басшысы өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Алда тұрған басты міндет – жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – яғни, 9,5% дейін төмендету. Оның айтуынша, бұл үшін барлық күш-жігерді Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керек.

— Сонымен қатар отырыс барысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру қаралды. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов баяндама жасады.

— Үкімет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың жаңа механизмдерін ескере отырып, ғылымды дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасын өзектендіру, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, еліміздің жетекші университеттері мен ірі кәсіпорындарының жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен технологиялық парктерді құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу