ҚР Үкіметінің отырысы, 14.03.2023

14 наурызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Отырыста 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

— Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртіпті күшейту жөніндегі жұмысын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

— 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қаралды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндағандай, тұжырымдаманың негізгі идеясы – «Жастар үшін» парадигмасын «Жастармен бірге» бағытына ауыстыру.

— Премьер-Министр жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету және орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажеттігін айтты. Үкімет басшысының айтуынша, орталықтар жастармен жұмыс істеудің аса маңызды буындарының біріне айналуы тиіс – жергілікті жерлердегі жастардың барлық проблемаларын біліп, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет.

 — Отырыста Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

 — Премьер-Министрдің айтуынша, есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу