ҚР Үкіметінің отырысы, 15.08.2023

15 тамызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қаңтар-шілде айларындағы республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин тақырыпқа қатысты баяндама жасады.

— Үкімет басшысы Экономиканы әртараптандыру, өзіміздің отандық өндірісті одан әрі дамыту, инвестицияларды арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру шараларын күшейту керек екенін атап өтті. Бұл ретте біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері жалғастырып отырғанын ескере отырып, алдын алу шараларын уақтылы қабылдау қажет. Бұл үшін барлық қажетті мүмкіндік бар. Олар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінде көрсетілген.

— Үкімет отырысында екінші мәселе бойынша өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндама жасады. Оқу-ағарту министрі  1 қыркүйектен бастап 7 мың 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алатынын, олардың 364 мыңы – бірінші сынып оқушылары екенін айтты. Сонымен қатар ішкі істер министрінің бірінші орынбасары білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.

— Үкімет басшысы көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ бейнекамераларды жаңарту, бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу, білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу