ҚР Үкіметінің отырысы, 17.01.2023

17 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Отырыс кезінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру барысы талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасады.

— Баяндамашыларды тыңдап болғасын, Премьер-Министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. 

— Үкімет отырысында халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Аталған мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасады.

— Премьер-Министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше, мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе. «Осыған байланысты заңсыз берілген, Бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу