ҚР Үкіметінің отырысы, 18.08.2021

— Үкімет отырысында санитариялық-эпидемиологиялық ахуал, жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері мен Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды.

— Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді, жаңа оқу жылына дайындық аясында 25 тамызға дейін мұғалімдерді вакциналауды аяқтап, оқу орындарының дайындығына бақылауды күшейтуді, халықтың шектеу шараларын сақтауын одан әрі бақылауды және мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін арттыруды, вакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтуді тапсырды.

— Мал азығын дайындаудағы қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, өңірлерде жем-шөп дайындау барысы туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, егін жинау жұмыстарына дайындық туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев баяндады.

— Үкімет басшысы егін жинау науқанын сапалы өткізіп, элеваторлардың өнімді қабылдау мен сақтауға дайындығын қамтамасыз етуді, астық қабылдау кәсіпорындарының оны сақтау үшін уақытылы қабылдауын, егін жинау кезінде жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

— Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.

— Премьер-Министр бекітілген Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарының шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу