ҚР Үкіметінің отырысы, 30.05.2023

30 мамырда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Тақырып бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Марат Қарабаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду, сондай-ақ «Air Astana» әуе компанияларының президенті Питер Фостер және «SCAT» президенті Владимир Денисов баяндама жасады.

— Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды. Халықаралық жолаушылар және жүк авиакомпанияларын тарту үшін шаралар әзірлеу, динамикалық баға белгілеуді қолдану мәселесін пысықтау қажет, бұл жоғары сұранысты тек кіріс көзіне айналдыру мүмкіндігін шектеу үшін керек, сондай-ақ «Әуе кеңістігін пайдалану туралы» заңынан отын алымын қолдануды алып тастауды жеделдету қажет.

— Екінші мәселе бойынша адамның иммун тапшылығы вирусының қазіргі ахуалы қарастырылды, сондай-ақ тиісті медициналық көмек көрсету шаралары талқыланды. Адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының таралуы және БҰҰ-ның жаһандық стратегиясының көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады.

— Үкімет басшысы адамның иммун тапшылығы вирусы жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды проблемаларының бірі екенін атап өтті. Вирус жұқтырған және тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеуге үкіметтік емес ұйымдарды тарту үшін әлеуметтік гранттар мен тапсырыстар санын кеңейту керек. Аурудың белгілері және жұқтыру жолдары туралы адамдарға кеңінен ақпарат беру қажет. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу