Үкімет отырысы, 09.01.2024

9 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы бірінші Үкімет отырысында Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалды. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде 20 инфекциялық ауру, оның ішінде оба, тырысқақ, полиомиелит тіркелген жоқ. Оған қоса 39 инфекция, оның ішінде коронавирус инфекциясы, ротавирустық инфекция, жіті ішек инфекциясы бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалды. 

  • Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыруды тапсырды.

  • Сонымен қатар Үкімет отырысында ел өңірлерінің алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталғанын жеткізді. Мәселен, су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды. Оның құрамында 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалар бар.

  • «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері тұрақты дайындықта болады. Республикада су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиісті жол картасын іске асыру жалғасуда. Әлихан Смайылов ақпан айында «Көктем-2024» оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу