Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №97

2023 жылғы 20-26 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 20 қараша, дүйсенбі, ҚР Премьер-Министрі Республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Әлихан Смайылов жүк тасымалдау кезінде кедергілерді жою бойынша пәрменді шаралар әзірлеуді тапсырды.

  • 21 қараша, сейсенбі, Әлихан Смайылов ХВҚ-ның ҚР-дағы миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесу өткізді. Премьер-Министр Қазақстан экономикасы тұрақты түрде өсіп жатқанын атап өтті. Елімізде салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның қаржы секторын одан әрі жетілдіру және дамыту үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендігін растады.

  • Сол күні Үкімет отырысында теміржол саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды. Алдағы 3 жылда Қазақстанда ұзындығы 1 мың км-ден асатын теміржолдың жаңа тармақтары салынады. Премьер-Министр теміржол жүктерін рәсімдеу және өту мерзімдерін екі есе қысқартуды тапсырды. Сондай-ақ отырыста мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Жылжымайтын мүлік бойынша онлайн мәмілелердің жаңа платформасы таныстырылды.

  • 23 қараша, бейсенбі, Әлихан Смайылов ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысына қатысты. Отырыстан кейін өткен брифингте ол журналистердің сұрақтарына жауап беріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Премьер-Министр әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты қолдамайтынын атап өтті. Үкімет басшысы сондай-ақ ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға БЖЗҚ-дан қаражат бөлу мүмкіндігі туралы пікір білдірді. БЖЗҚ-ның негізгі міндеті – қазақстандықтардың зейнетақы активтерін сақтау мен көбейтуді қамтамасыз ету екені айтылды. Ол үшін инвестициялық стратегия қабылданды. Үкімет басшысы журналистерге заңсыз иемделінген және елден шығарылған активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, инфляцияны төмендету, елге инвестициялар тарту бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ ҚР-да мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың одан әрі іске асырылуы туралы айтылды.

  • 24 қараша, жұма, Премьер-Министр «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Холдингтің 2024-2026 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы қаралды.

  • Алматы облысында Алатау қаласы (G4 City) құрылысының жобасын іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте Премьер-Министр бизнеспен өзара іс-қимыл жасай отырып, инфрақұрылым құрылысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Сол күні Әлихан Смайылов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша іске асырылатын ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын ашу жоспарланып отыр. Премьер-Министр осы бағыттағы жұмысты жандандыруды талап етті.

  • 25 қараша, сенбі, Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Қазақстанның инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар мен ұсыныстар талқыланды. Премьер-Министр Үкіметтің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа дейін, яғни 2 есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет тұрғанын атап өтті. Іс-шара аясында қатысушыларға Iетелдік инвесторлар кеңесінің дамуына қосқан үлесі және республиканың инвестициялық ахуалы үшін алғыс хаттар табысталды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу