ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша видеодайджест

 

2019 жылғы 9-11 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарына барды. Сапар барысында америкалық агробизнес көшбасшыларымен ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.  Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің басшысы инновациялық және цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткізді.

  • 9 желтоқсанда ҚР Үкіметінің басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қаласына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, «Tyson Foods» компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты

  • «Tyson Foods» компаниясының басшылығы – президенті Н. Уайтпен және директорлар кеңесінің төрағасы Д. Тайсонмен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. 

  • Бұл құжат бірінші кезеңде ҚР-да қуаттылығы тәулігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салуды қарастырады.

  • Омаха қаласында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Небраска штатының губернаторы П. Рикеттспен және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы «Valmont Industries» компаниясының президенті С. Каниевскимен кездесті. Тараптар механикаландырылған суару, телекоммуникациялар, жаңартылатын энергетика, инфрақұрылымдық құрылыс, сондай-ақ аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

  • Келіссөздер қорытындысы бойынша А. Маминнің және П. Рикеттстің қатысуымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kusto Group» қазақстандық компаниясы және «Valmont Industries» арасында Қазақстан Республикасында тиімді суару және ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы Келісімге қол қойылды. 

  • «Valmont Industries» бас кеңсесін аралау кезінде Үкімет басшысы кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және технологиялық процесімен танысты.

  • 2019 жылғы 11 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Сан-Франциско қаласына барып қайтты.

  • Үкімет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының» басшылығымен кездесіп,  ДЭФ басқарушы директоры Р. Саманспен инновациялық технологияларды реттеу саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

  • Кездесу қорытындысы бойынша «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» мен  «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында Заттар интернетін дамытуда стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойылды.

  • Премьер-Министр А. Мамин «500 Startups» венчурлық қорының басшысы К. Цаймен келіссөз өткізді, оның қорытындысы бойынша «QazTechVentures» АҚ қазақстандық ұлттық даму институтын «500 Startups» V Жаһандық қорына қосу туралы келісімге қол қойылды. 

  • А. Маминнің  «Bright Sphere Investment Group» (BSIG) инвестициялық тобының қаржы директоры С. Ранамен келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстандық тікелей инвестициялар қоры (KIDF) мен BSIG арасында 2020 жылы Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен қор құруда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

  • Қазақстанда инновациялық экожүйені, венчурлық капитал мен стартап жобаларды дамыту мәселелері А. Маминнің «Plug and Play» компаниясының басшылығымен әңгімесі барысында қарастырылды, оның кеңсесін «Astana Hub» алаңында ашу көзделген. 

  • Үкімет басшысы «C3.ai» компаниясының бас атқарушы директоры Т. Сибелмен келіссөз кезінде ҚР мұнай-газ және басқа да секторларында жасанды зердені қолдануда ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

  • «Cisco» трансұлттық компаниясының вице-президенті Г. Дидрихпен кездесуде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында бекітілген мақсаттарға қол жеткізуде және ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтастықтың жаңартылған стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. 

  • «One Web» компаниясының бас атқарушы директоры А. Штекельмен кездесу барысында Қазақстанның аумағын жаппай жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетпен қамту жобасын іске асыру перспективалары қаралды. 

  • «Chevron» корпорациясының барлау және кен өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Д. Джонсонмен әңгімелесу кезінде Болашақ кеңейту жобасы, «Теңізшевроил» жобасында тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша қазақстандық қамтуды одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.

  • «ValvTechnologies» компаниясының президенті К. Хантпен келіссөз барысында Қазақстанда мұнай-газ секторы үшін клапандар мен тиектер шығару зауытын ашу мүмкіндігі қаралды. 

  • А. Мамин «42» компьютерлік бағдарламалау мектебінің және АТ саласындағы «Qwasar» білім беру компаниясының негізін қалаушы К. Ямгнанемен кездесу өткізді.

  • Премьер-Министр «Tesla» компаниясының кеңсесі мен зауытын аралады, онда компания басшылығымен кездесу аясында Қазақстанда жанар-жағармай құю станциялары желісін кеңейту және электромобильдер үшін сервис орталықтарын ашу мәселелері қаралды.

  • 12 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Лондон қаласына жұмыс сапарымен барып, онда Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесу өткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу