Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №100

2023 жылғы 11-17 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 11 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Су кеңесінің отырысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ол су қоймаларын салу және күрделі жөндеу, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын реконструкциялау бойынша бірқатар шұғыл шараларды қамтиды.

  • Сейсенбі, 12 желтоқсан күні ҚР Үкіметінің отырысында күн тәртібінен тыс ЖЭО мен жылу желілеріндегі штаттан тыс жағдайлардың салдарын жою және олардың орын алу мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда ауа райының сууына байланысты энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау орын алды. Әлихан Смайылов төтенше жағдайлар туындаған жағдайда әкімдіктер барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

  • Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Премьер-Министр 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық секторлары оң өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Инвестицияларды белсенді тарту – экономика өсімінің негізгі факторы. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық компанияларға қарай қайта бағдарлау керек.

  • Үшінші су көлігін дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі елдегі жағдай, алдағы жоспарлар мен перспективалар туралы айтты. Премьер-Министр теңіз порттарының әлеуеті өте жоғары екенін, олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болатынын, сондықтан елдегі инфрақұрылымның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет екенін атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кәсіпкерлік саласындағы жыл сайын берілетін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарына марапаттарын табыс етті. Астанадағы ЕХРО конгресс-орталығының аумағында орталық мемлекеттік органдар басшылары, депутаттар, «Атамекен» ҰКП өкілдері және конкурсанттардың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

  • Сәрсенбі, 13 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировпен кездесу өткізді, оның барысында сот жүйесін реформалау жөніндегі заңнамалық түзетулердің екінші блогы талқыланды. Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірледі. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңдарға енгізіледі.

  • Атырау облысында кешенді күрделі жөндеу нәтижесінде кеңейтілген «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми түрде іске қосты. Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарына қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады.

  • Бейсенбі, 14 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадо химия және мұнай-газ химиясы салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Tecnicas Reunidas компаниясы Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру аясында «ҚазАзот» және «ҚазМұнайГазбен» инвестициялық ынтымақтастық бағытында жаңа перспективалар ашып отыр.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 13-ші отырысы өтті. Республиканың салық және кеден жүйелерін жетілдіру, фармацевтика өнеркәсібін, геологиялық барлау мен аграрлық индустрияны дамыту, бизнеске лицензия, несие беру және қолдау көрсету, экспорттық-импорттық операциялар жүргізу кезінде жүктемені азайту, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.

  • «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында жаңартылатын энергия саласындағы жаңа жобаларды қолдау мәселелері талқыланды. Елімізде «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсатында қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база құрылды. Тұрақты қаржыландыру көлемінің оң серпіні байқалады. Премьер-Министр экономиканың ауқымды трансформациясы «жасыл» инвестициялар көлемін арттыруды талап ететінін атап өтті.

  • Жұма, 15 желтоқсан күні Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Qarmet компаниясының ағымдағы жұмысы мен кәсіпорынды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдарға ағымдағы мәселелерді шешуде кәсіпорынға қажетті қолдау көрсетуді және инвестормен бірлесіп, Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу