Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №123

2021 жылғы 2-8 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 3 тамызда ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда cанитариялық-эпидемиологиялық ахуал, Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны кеңейту, бизнесті қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысы қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне, денсаулық сақтау министрлігіне және ІІМ-ге елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Сонымен қатар Үкімет басшысы шектеу шаралары мен кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін атап өтті. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрлігіне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика, қаржы министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бір ай ішінде елдің басқа өңірлерінде жобаны тарату бойынша тиісті жол картасын әзірлеуді тапсырды. Үшінші мәселе бойынша Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы барлық шараларды толық көлемде іске асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

  • 6 тамызда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы өтті. Қазақстандық қызметтер мен тауарлардың шикізаттық емес экспортының көлемін арттыру, мәдениет объектілері мен мектептер салу мәселелері қаралды. Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуі қажет екенін айтты. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу