Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №126

2021 жылғы 23-29 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 27 тамызда Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалық етуімен 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасында болған төтенше жағдай жөнінде жиналыс өтті. Кеңес қорытындысы бойынша Президент Үкіметке өрт пен жарылыстардың себептерін тексеру және салдарын жою жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Дәл осы күні Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің өкімімен Үкіметтік комиссия құрылды, оның алдына өрттің және жарылыстың зардаптарын бағалау және жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылды.
  • ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, Қазақстанның 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы және 2021 ж. ҚР халқының ұлттық санағына дайындық және оны өткізу туралы мәселе қаралды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкімет басшысы вакцина салдыру науқанын күшейту қажет екенін атап өтті, сондай-ақ Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқан өңірлердегі «Ashyq» жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күндері шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды. Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Үкімет басшысы Үкімет басшысы аталған заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Үшінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр қысқа мерзімде міндетті вакциналаудан өткен жұмыскерлердің халық санағын өткізу үшін қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.  Өңірлердің әкімдеріне, Ұлттық статистика бюросына және ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктеріне халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтау тапсырылды. 
  • Сонымен қатар өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді. Жеңілдікті несие беру бағдарламалары мониторингінің нәтижелері, мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу бойынша бизнеске жүргізілген сауалнаманың аралық қорытындылары, «Ashyq» жобасын іске асыру, микроқаржы ұйымдары мен өңірлердің экономикалық картасы мәселелері, мемлекеттік сатып алулардағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселелері қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнаманың түпкілікті қорытындысын егжей-тегжейлі зерделеуді және бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу