Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №29

2022 жылғы 1-7 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 2 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Үкіметтің кезекті отырысын өткізді, онда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Екінші мәселені талқылау барысында Ә. Смайылов 1 қазанға дейін Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді және Ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асырудың елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, тірек және серіктес ауылдарды жаңғыртуға мүмкіндік бергенін айтты. Сонымен қатар Үкімет отырысында жазғы кезеңдегі судағы қауіпсіздік мәселесі қаралды, бұл орайда Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды тапсырды.

  • Дүйсенбі, 1 тамызда, Әлихан Смайылов Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Отырыста Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын қайта қарау жөніндегі ұсыныстар қаралды.

  • Сәрсенбі, 3 тамызда, ҚР Премьер-Министрі кәсіпкерлік қызметте «таза парақтан бастап» реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылау салаларын автоматтандыру жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске қатысушылар жер қатынастары, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау, құбыржол көлігі қызметі, қаттау және тау-кен өнеркәсібі салаларында талдау жүргізу барысын талқылады.

  • Бейсенбі, 4 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Қазақстанға ресми сапармен келген Андорра сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, туризм саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде екіжақты диалогты нығайту мәселелерін талқылады.

  • Жұма, 5 тамызда, Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде жеке бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Отырысқа қатысушылар Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясатының жобасын қарады. Ол едәуір экономикалық еркіндікті қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамытуды көздейді.

  • Сол күні ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстанға ресми сапармен келген Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Найеф Фалах Мубарак Әл-Хаджрафпен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы, энергетика және агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

  • Сенбі, 6 тамызда, Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді. Премьер-Министр бағаның өсу себептерінің бірі өндіруші мен түпкілікті тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі екенін айтты. Оларды анықтау үшін барлық өңірлерде арнайы комиссиялар құрылған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу