Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №31

2022 жылғы 15-21 тамыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі, 9 тамызда, Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті, онда 2022 жылғы қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы және оқу жылына дайындық барысы қаралды. Бірінші мәселе бойынша Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар екенін, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты. Екінші мәселені талқылау барысында ҚР Премьер-Министрі білім беру нысандарының оқу жылына дайындығын 100% қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар отырыс кезінде Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. Ол кейбір өңірлерде дизельдік отын бойынша проблема туындап отырғанын атап өтті.

  • Дүйсенбі, 15 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Сауда және интеграция министрлігінің ұжымына жаңа басшы – Премьер-Министр орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Серік Жұманғаринді таныстырды.

  • Сәрсенбі, 17 тамызда, Әлихан Смайылов TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптанмен кездесті. Тараптар ынтымақтастық пен Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.

  • Сол күні Үкімет басшысы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Отырыс барысында 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

  • Бейсенбі, 18 тамызда, Әлихан Смайылов «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кездесу өткізді. Тараптар компанияның Қазақстандағы қызметі, ішкі нарыққа тауарлық және сұйытылған мұнай газын жеткізу, сондай-ақ Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

  • ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның кедендік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша жаңғыртылатын бекеттерде байланыс арналарының өткізу қабілетін арттыру мәселесін пысықтауды тапсырылды.

  • Жұма, 19 тамызда, Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Онда Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік саласының дамуымен және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Премьер-Министр таяуда жоспарлы жөндеуден шыққан Павлодар мұнай-химия зауытына барды. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшысы облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу