Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №50

2022 жылғы 26 желтоқсан мен 2023 жылғы 1 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі, 27 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда ірі және шағын қалаларда кәріз-тазарту құрылыстарын салу және рексонструкциялау жөніндегі жоспар қаралды. Премьер-Министр бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту, сондай-ақ екі ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұдан әрі Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды. Әлихан Смайыловтың айтуынша, Әлеуметтік кодекс қабылданған соң мемлекеттік әлеуметік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа ауысады, бұл азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкімет отырысында заң жобалау жұмыстарының биылғы жоспарының орындалу барысы және 2023 жылға арналған жоспардың жобасы қаралды.

  • Сәрсенбі, 28 желтоқсан күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнеконференцбайланыс режимінде Ұлттық экономика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Онда осы жылдың қорытындылары қаралып, 2023 жылға арналған жоспарлар белгіленді. Сонымен қатар алқа мәжілісінде кәсіпкерлікті, қаржы секторын, өңірлерді, мемлекеттік басқаруды және т. б. одан әрі дамыту бойынша жоспарланған шаралар қаралды. 

  • Осы күні Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасарлары Жамшид Ходжаевпен және Журабек Мырзамахмудовпен келіссөз жүргізді. Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 21-22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

  • 29 желтоқсанда Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Сондай-ақ кеңесте жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда, ЕҰУ және ҚазҰУ қалашықтарын салу мәселесі қаралды. БСондай-ақ Премьер-Министр 2023 жылы үш отандық жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі пилоттық жобаның іске қосылуын қолдады. 

  • Келесі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың бірінші отырысын өткізді. Премьер-Министр республикалық штаб отырыстары тұрақты негізде өткізілетінін, ал Жол картасының орындалуы туралы алғашқы есеп 2023 жылғы 20 сәуірге дейін дайын болуы керек екенін атап өтті.

  • 30 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Қатысушылар Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына өзгерістер енгізу, оның ішінде жоспардан бірнеше коммуналдық меншік кәсіпорындарын алып тастау мәселелерін талқылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу