Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №52

2023 жылғы 9-15 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сәрсенбі, 11 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды – 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар. Бірінші мәселені қарастырып болғаннан кейін, Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалғанын атап өтті. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды. Екінші мәселені талқылау қорытындысы бойынша Ә. Смайылов наурызда қолданысқа енгізілетін «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр биыл алғаш рет брифингке шықты. Баспасөз қабырғасында Ә. Смайылов журналистер қойған ең өзекті сұрақтарға жауап берді.

  • Сол күні Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Қатысушылар ішкі және сыртқы сауданы дамыту, өнеркәсіп кооперациясы және логистика, Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, цифрландыру және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелерін қарады.

  • 12 қаңтарда Үкімет басшысы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Онда бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыру ұсынылды. Атап айтқанда, мемлекеттік преференциялар алу үшін органдардың өтінімдерін келісу мерзімін қысқарту және мемлекеттік қолдау шараларына ие болу үшін инвестициялардың шекті көлемін азайту ұсынылды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының вице-президенті Виджай Гоялмен және оның кеңесшісі Биджу Наирмен кездесті. Тараптар компанияға кешенді аудит жүргізу мәселесін талқылады.

  • Күннің екінші жартысында, 12 қантарда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Премьер-Министр өз сөзінде Үкімет әлеуметтік саланы нығайту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытылы төленіп, әлеуметтік міндеттемелер орындалуда. Еңбекке қабілетті халықтың табысын арттыру, аз қамтылған азаматтарды атаулы көмекпен қамту, жұмысқа тұрғызу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Сонымен қатар жаңа цифрлық құралдар мен қызметтер жоспарлы түрде енгізіліп жатыр.

  • 13 қаңтарда Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысының Конаев қаласына барды. Сапар барысында Әлихан Смайылов тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.

  • Сапар соңында Премьер-Министр Алматы облысының активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу