Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №55

2023 жылғы 30 қаңтар мен 5 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

31 қаңтарда Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Президент елорданы дамыту бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.

Сейсенбі, 31 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысын қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бұл реформа бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Отырыс барысында қаралған екінші мәселе – министрлер мен әкімдердің 2022 жылы қазақстандықтармен кездесулерінің қорытындылары. Әлихан Смайылов әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша проблемалық мәселелер картасын әзірлеуді, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізуді, сондай-ақ кездесулердің өтетіні туралы алдын ала хабарлап, өткен шаралардың қорытындысы туралы кеңінен жариялауды тапсырды

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Цифрлық трансформация, IT-саланы дамыту және киберқауіпсіздік тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы қаралды. Тұжырымдама аясында республикада өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру, байланыс саласын одан әрі демонополизациялау, киберқауіпсіздікті кешенді нығайту және денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіпсіздік салаларында жасанды интеллектіні дамыту үшін негіз құру жөніндегі шаралар іске асырылатыны атап өтілді.

1 ақпанда, сәрсенбі күні, өткен кеңесте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілген жобасы қаралды. Тұжырымдаманы іске асыру ішкі нарықты отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен молайтуға, 70 мыңға жуық шаруашылық пен шамамен 400 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

2 ақпанда Алматыда ЕҮАК отырысы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесті. Тараптар ЕАЭО аясында кедергілерді жою, бұрын қабылданған стратегиялық құжаттарды іске асыруға ғылыми негізді күшейту, сондай-ақ Сауда және техникалық реттеу блоктары жөніндегі комиссия жұмысының мәселелерін талқылады.

Шағын құрамда өткен отырыста ЕАЭО-ның алкоголь нарығын реттеу мәселелерін, ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың жобасын дайындау барысын, сондай-ақ Одақтың өңірлік даму институттарының қызметін талқыланды.

3 ақпан, жұма күні, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту жөніндегі ұсыныстарды айтып, Одақ елдерін ұлттық ақпараттық жүйелер интеграциясын жеделдетуге шақырды. ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, азық-түлікті темір жол және мультимодальды жедел тасымалдауды жүзеге асыруға, интеграцияланған ақпараттық жүйені дамытуға және т. б. қатысты бірқатар құжаттарға қол қойды.

Digital Almaty бесінші форумы шеңберінде өткен «Жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» пленарлық сессиясында ЕАЭО елдері арасындағы цифрлық кедергілерді жою, сауда және экономиканың басқа да салаларында инновациялық шешімдер енгізу мәселелері, сондай-ақ негізгі жаһандық технологиялық трендтер талқыланды. Әлихан Смайылов байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ трансшекаралық электрондық құжат айналымын дамыту тақырыптарына тоқталды. Форум аясында цифрлық жобалардың халықаралық көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ЕҮАК отырысы аясында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар тақырыптарды талқылады. 

Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Ариповпен кездесуде мемлекетаралық ынтымақтастықтың бірқатар негізгі мәселелері талқыланды. Тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және су-энергетикалық салалардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен ауыл шаруашылығындағы бірлескен қадамдарды арттыру жөніндегі жоспарларды пысықтады.

Сенбі, 4 ақпанда, Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен  кеңесте газ саласын дамытудың өзекті мәселелері, атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған кен орындарының ағымдағы өндірістік балансы және перспективті учаскелердің әлеуетті қуаты қаралды.

Осы күні өткен кеңесте автожол желісі мен көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша I кезең учаскелерінде жүк көліктерінің жүріп өткені үшін ақы алу жүйесін іске қосу бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл бірінші кезекте Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік көлікке қатысты болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу