Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №57

2023 жылғы 13-19 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сейсенбі, 14 ақпанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды – 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру. Қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың жаңа механизмдерін ескере отырып, ғылымды дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасын өзектендіру, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, еліміздің жетекші университеттері мен ірі кәсіпорындарының жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен технологиялық парктерді құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Екінші мәселені қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерде де. Сонымен қатар «Инвестиция орнына тариф» саясатын сапалы енгізуді қамтамасыз ету маңызды.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысы барысында мектептерде қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шараларды қолдану мәселесі қаралды. Қауіпсіздік стандарттарын қайта қарау және барлық оқу орындарын тексеру, бейнекамералар санын көбейту және мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау жоспарлануда.

  • Келесі күні Үкімет үйінде  дене шынықтыру мен спортты, сондай-ақ туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамаларының жобаларын талқылау бойынша кеңес өтті. Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турдестанициясында инфрақұрылымдарды жаңғырту көзделіп отыр.

  • 16 ақпанда Үкіметте Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, егіс науқанының қарсаңында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толықтыру, делдалдық схемалардың алдын алу, сондай-ақ жалпы сауда-саттықтың ашықтығын арттыру шаралары қаралды.

  • Осы күні Әлихан Смайылов пен КҚК бас директоры Николай Горбань Каспий Құбыр консорциумының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және дамыту мәселелерін талқылады. Премьер-Министрдің назарына компанияның 2022 жылғы өндірістік қызметінің қорытындылары, ағымдағы жұмысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды.

  • Жұма күні, 17 ақпанда, Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитай елімізде 2023 жылға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды талқылады.

  • Осы күні Ә. Смайылов ірі шетелдік компаниялардың, дипломатиялық корпус пен орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Шара қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкімет келешегі бар жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу