Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №64

2023 жылғы 3-9 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 4 сәуірде, Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, онда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-Министр Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екендігін атап өтті. Мемлекеттік органдар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруда және Парламенттегі басым көпшілік «Аманат» партиясының бағдарламасын орындауға кірісті. Бұл ретте Мәжіліске өткен барлық партиялармен бірге белсенді жұмыс жүргізілетін болады.

  • Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАҚ алдында мәлімдеме жасап, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілу себебін түсіндірді. Ә. Смайыловтың айтуынша, біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Сонымен бірге Үкімет басшысы қазіргі уақытта шекарада жанармайды заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына жыл соңына қарай инфляция деңгейін екі есе төмендету міндетін қойды. Сондықтан инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі түрде жедел шаралар қабылданып жатыр. Оған қоса Әлихан Смайыловтың мәлімлеуінше, шаруалар үшін арзандатылған дизель отыны кестеге сәйкес толық көлемде бөлінеді. Егістік жұмыстары аяқталғанға дейін оның бағасы өзгеріссіз қалады. 

  • 3 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның сыртқы саудасының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Үкімет басшысына санкциялық саясаттың еліміздің сауда ағындарына әсері, оның ішінде сауда құрылымындағы өзгерістер мен тауарларды жеткізу логистикасы туралы баяндалды.

  • Дүйсенбі, 3 сәуірде, Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына жаңа басқарма төрағасын – Нұрлан Жақыповты таныстырды. Үкімет басшысы қордың алдында инвестициялар тарту, энергетикалық кешенді дамыту, республиканың инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриялық дамуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сыртқы істер министрлігінің ұжымына жаңа басшы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді таныстырды. Әлихан Смайылов қазіргі геосаяси ахуал кезінде сыртқы саяси ведомство жұмысының маңызы артқанын атап өтті. Дипломатиялық шешімдер арқылы ҚР СІМ жақын және алыс шет елдермен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға және ұлттық экономиканы дамытуға елеулі үлес қосуда. 

  • ҚР Премьер-Министрі «Шеврон» мұнай-газ корпорациясының атқарушы вице-президенті Найджел Хирн және «Шеврон. Халықаралық барлау және өндіру» компаниясының президенті Клэй Неффпен кездесті. Қатысушылар Теңізді болашақта кеңейту және ондағы сағалық қысымды басқару жобаларын іске асыру барысын, КҚК құбыр жүйесінің өткізу қабілетін арттыру және жұмыспен қамту шараларын, сондай-ақ Қарашығанақ кен орнын игерудің өзекті мәселелерін талқылады. 

  • Әлихан Смайылов жаңадан тағайындалған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті ведомство ұжымына таныстырып, алдағы кезеңге арналған энергетика саласындағы басым міндеттерді белгіледі. Үкімет басшысы Энергетика министрлігінің ірі мұнай-газ жобалары мен экспорттық көлік дәліздерін дамыту жұмыстарын күшейту, газды қайта өңдеуді ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау, жылу және электр энергиясын өндіру секторын нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жалғастыруы қажеттігін атап өтті.

  • Бейсенбі, 6 сәуірде, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте тау-кен металлургия кешенін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, геологиялық барлауға халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі жоспарлар, сондай-ақ кен орындарын игеру тиімділігін арттыру және салаға инвестициялар тарту жөніндегі шаралар қаралды.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен GE Healthcare компаниясының Ресей және ТМД-дағы бас директоры Елена Легезина аталған құрылымның Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларын талқылады. Үкімет басшысы бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі бағдарламалық құжаттар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орта мерзімді кезеңге арналған өзара іс-қимыл жоспарларын нақтылауға және бекітуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді пысықтауға келісті. 

  • Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволар басшылығының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Қатысушылар мұнай-газ саласының маңызды инфрақұрылымдық объектілерін мемлекет меншігіне қайтару барысын, теміржол жүк тасымалы нарығындағы жасанды монополияларды жою жөніндегі шараларды және астық тасымалдау нарығы субъектілерінің жауапкершілігін арттыру тетіктерін талқылады.

  • Жұма, 7 сәуірде, Энергетикалық кеңестің отырысы өтті, онда «жетілген» мұнай кен орындарын одан әрі игеру жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, өндіріске тартылған инвестициялар көлемін ұлғайту және кен орындарының техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту, салық салу, жұмыспен қамту, экологиялық талаптарды сақтау және басқа да бірқатар мәселе талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу