Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №69

2023 жылғы 8-14 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Жеңіс күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Аталған шара елордалық «Ақжайық» саябағында өтті. 

  • 11 мамырда Премьер-Министр Қазақстан машина жасаушыларының XI форумына қатысты. Өз сөзінде Ә. Смайылов өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы айтып берді. Үкімет басшысы машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы $23 млр-ты құрайтынын, бүгінде оның $3,1 млрд-ы ғана отандық өндіріспен қамтылып отырғанын айтты. Сондықтан импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін әрі қарай дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті. 

  • Сонымен қатар Үкімет басшысы «Kazakhstan Machinery Fair 2023» III халықаралық мамандандырылған көрмесінде отандық машина жасау саласы өнімдерінің жаңа түрлерімен және саланың заманауи технологиялық шешімдерімен танысты.

  • Жұма, 12 мамырда, Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мәселелерін талқылады. Жиынға Астана, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлері, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ министрлер, қала әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және мемлекеттік қолдауға жауапты квазимемлекеттік сектор басшылары қатысты. 

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Азия университеттері альянсы (АУА) саммитінің аясында Астана қаласында өтіп жатқан ұйым президенттерінің форумына қатысты. Форумда Қазақстанның білім беру саласындағы жоспарлары айтылды. Мәселен, 2029 жылға дейін кем дегенде тағы тоғыз танымал университетті шақыру жоспарланып отыр.

  • 13 мамырда Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Қатысушылар ТКШ инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу