Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №80

2023 жылғы 24-30 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қаралды. Үкімет басшысы «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын сапалы әрі уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті. 

  • Сәрсенбі, 26 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар министрліктер басшыларының, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК өкілдерінің қатысуымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында кәсіпорынға экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудит жүргізу барысы туралы ақпарат берілді.

  • Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, оның барысында инвестициялық келісімшарттар бойынша мемлекеттік заттай гранттар түрінде жер телімдерін беру мәселелері қаралды. Отырысты қорытындылай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту мен бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Үкімет те осы бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

  • Жұма, 28 шілдеде, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Машина жасау саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Құжатты талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Кешенді жоспарды келісуді және оны бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын енгізуді жеделдетуді тапсырды.

  • Әлихан Смайылов Xinjiang Hualing Industry and Trade (Group) Co. төрағасы Ми Ын Хуамен және Shanxi Meijin Energy Co. басшысы Яо Цзинь Лунмен келіссөздер жүргізді. Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі Xinjiang Hualing Group-тың инвестициялық бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Жиынға қатысушылар студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін талқылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу