Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №81

2020 жылғы 5-11 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 7 қазанда Ақордада ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың төрағалығымен короновирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөнінде кеңес өтті. Кеңес барысында Мемлекет басшысы тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Қ. Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар кеңесте басқа да мәселелер қаралды.

  • Сейсенбі, 6 қазанда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру және еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Премьер-Министр бір ай ішінде нарықты отандық тауарлармен молықтыру бойынша кешенді жоспар қабылдауды, ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуді ілгерілетуді қамтамасыз етуді тапсырды. Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Үкіметте еліміздің фармацевтикалық өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қаралды. Асқар Мамин отандық фармацевтикалық өндіріс үшін, әсіресе клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейтуді тапсырды.

  • 7-8 қазанда Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ресей Федерациясына барды. Мәскеу қаласында Асқар Мамин РФ Үкіметінің төрағасы М. Мишустинмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ Ресейдің ірі компанияларының басшыларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

  • 9 қазанда Ереван қаласында (Армения) Премьер-Министр Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына қатысты, онда жаңа экономикалық шынайылық жағдайында ЕАЭО бәсекеге қабілеттілігін нығайту бойынша бірқатар бастамалар ұсынды. Отырыс барысында шағын және кеңейтілген құрамда Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасы, трансшекаралық электронды сауданы дамыту, ЕАЭО ішкі нарығындағы шектеулерді жою жөніндегі жұмыс барысы, ЕАЭО бюджетінің өткен жылғы атқарылуы туралы есептер және 2021 жылға арналған бюджет қаралды. Экспортты дамытудың бірлескен шаралары және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020-2021 жылдарға арналған бірлескен болжамдары туралы өкімдер қабылданды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу