Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №90

2023 жылғы 2-8 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 2 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар заманауи медициналық технологияларды енгізу, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, фармацевтика саласын дамыту, халықтың инновациялық дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін арттыру, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету және басқа да бірқатар мәселені жан-жақты талқылады.

  • Осы күні, 2 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-Министр «Келешек» жүйесін келесі жылы енгізу қажет екенін атап өтті. 

  • Сейсенбі, 3 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту  шаралары қаралды.  Биыл елімізде тамақ өнеркәсібі, машина жасау және металлургия саласында жаңа 170 жоба іске қосылады. Отырыстың екінші тақырыбы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштерінің төмендегеніне қарамастан, мас күйінде көлік жүргізетін және көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзуды жалғастырып келеді. Премьер-Министр оларға қатаң шара қолдануды тапсырды.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Shell компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Зои Юнович мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын ағымдағы игеру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, ҚР экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау және басқа да бірқатар мәселелер қаралды.

  • Сәрсенбі, 4 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «ЭксонМобил» компаниясының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездесті. Тараптар болашақта Теңіз кен орнында сағалық қысымды кеңейту және басқару жобаларын іске асыруды, Қашаған кен орнын одан әрі игеру жоспарларын, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу және газ бөлу кешенін салу мәселелерін талқылады.

  • Бейсенбі, 5 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Monterra Group компаниясының өкілі Иоганн Штоль Жамбыл облысында ірі тау-кен металлургия комбинатын салу мәселелерін талқылады. Жобаны 2026-2029 жылдар аралығында үш кезең бойынша іске асыру жоспарланып отыр. Ең жоғары қуатқа жеткеннен кейін кәсіпорын жылына 5 млн тоннаға жуық алтын кенін өндіріп, өңдей алады.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ұжымына жаңа басшы Нұрлан Байбазаровты таныстырды. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Бәйтерек» холдингінің қызметін трансформациялау және ауқымды цифрландыру бойынша міндет қойғанын еске салды. «Бәйтерек» бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және республиканың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет.

  • Жұма, 6 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Риддер қаласындағы ЖЭО-ны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Ол алдағы жылыту маусымы дұрыс өтуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Өскемендегі бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралады. Ал әкімдікте өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар, бірақ ұзаққа созылған бірқатар жобаны аяқтауды тапсырды.

  • Сенбі, 7 қазан күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Eren Holding басшысы Ахмет Ерен  Қазақстан экономикасының түрлі салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады. Eren Holding Қазақстанға инвестиция салу үшін әлеуетті жобаларды қарастыратыны белгілі болды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу