Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №93

2023 жылғы 23-29 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 23 қазан, дүйсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты. Құбыр құрылысы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілді. Магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосу елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сондай-ақ жылу және электр қуатын өндіретін Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны – «МАЭК» ЖШС-ны газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  • 24 қазан, сейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гын жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Оңтүстік Корея еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың топ-10-дығының қатарында. Жалпы құны $1,5 млрд болатын 5 жоба жүзеге асырылуға дайын және жалпы құны шамамен $500 млн-дық тағы 25 перспективалық жоба әзірленуде.

  • Сондай-ақ осы күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанада өткен ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Әлихан Смайылов Қазақстан үшін азаматтардың денсаулығы ең негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Республикада алғашқы медициналық-санитариялық көмектің бір-біріне байланыстырылған инфрақұрылымы құрылды. Жалпы бүгінде МСАК-ты қаржыландыру жалпы көрсеткіштің 56%-ын құрайды.

  • Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Республика күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті. Биыл еліміз бойынша көптеген ұстаз бен дәрігер мемлекеттік наградамен марапатталды.

  • 26 қазан, бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің 22-ші отырысында сөз сөйледі. Әлихан Смайылов ШЫҰ елдері арасындағы электрондық сауданы дамыту үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетуге шақырды.

  • Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Бішкек қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Үкімет басшысы ЕАЭО 10 жыл ішінде өңірдегі беделді интеграциялық бірлестік ретінде танылғанын атап өтті. Сауда-саттықтың ұлғаюына транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану мен дамыту ықпал етеді. Осы ретте Премьер-Министр бизнес үшін навигациялық пломбаларды кезең-кезеңмен және барынша «ауыртпалықсыз» енгізуді ұсынды.

  • Осы күні Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қорытынды бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды, атап айтқанда, олар геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар, тау-кен металлургия саласы, IT-сектор және т.б. салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 

  • 28 қазан, сенбіде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің жағдайын білді. Үкімет басшысы болған оқиғаның өте ауыр қасірет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Премьер-Министр шахтада болған өрттің себептерін тергеу және зардаптарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысын өткізді. Отырыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының әкімдігіне ТЖМ және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, апатты жою жөнінде қажетті шаралар қабылдау және апат себептерін жан-жақты тергеу және кінәлілерді анықтау тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу