Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №98

2023 жылғы 27 қараша мен 3 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 27 қараша күні Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза–Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мәдениет және басқа да салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

  • Сейсенбі, 28 қараша күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі күн тәртібінен тыс қаралды. Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды. 2023 жылы 10 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөнделеді. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс екенін айтқан Үкімет басшысы тауар биржаларын реттеуді күшейту туралы тапсырма берді.

  • Сәрсенбі, 29 қарашада Атырау облысында Қазақстанның Батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды. Ресми қосу рәсіміне телекөпір арқылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.

  • Жұма, 1 желтоқсан күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында тауарлық газды тасымалдау саласындағы заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі қаралды. Талқылау нәтижелері бойынша Комиссия газ құбырын беру жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті материалдарды сотқа жолдау туралы шешім қабылдады. 

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар Павлодар облысының Екібастұз қаласында ферроқорытпа өндіретін зауыт салу мәселесін талқылады. Қуаттылығы жылына 80 мың тонна ферросилиций болатын жоба 520-дан астам тұрақты жұмыс орнын құруға және осы өнімнің Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Түркияға және Еуропа елдеріне экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша инвестиция көлемі 113 млрд теңгеден асады, пайдалануға беру мерзімі – 2025 жыл.

  • Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың CITIC Construction компаниясының бірінші вице-президенті Ян Цзяньцянмен кездесуі барысында «Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» республикалық автожолдарын күрделі жөндеу мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы аталған ірі жобалардың уақтылы аяқталуын және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу