Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №98

2021 жылғы 1-7 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 3 ақпанда Премьер-Министр А. Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты;

  • Сейсенбі күні, 2 ақпанда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2021 жылғы 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру шаралары мен 2021 жылғы 29 қаңтардағы Мемлекет басшысының Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шаралары қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша А. Мамин экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ұлғайтуға, жұмыссыздықты азайтуға және Мемлекет басшысының алға қойған басқа да міндеттерін орындауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Премьер-Министр биылғы 8 ақпанға қарай Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қарау үшін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар пакетін Үкіметке енгізуді тапсырды;

  • 4 ақпанда Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Сапар барысында Үкімет басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ, Премьер-Министр жұмыс сапары аясында қаланың тұрғын үй инфрақұрылымы құрылысының жобаларымен танысып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі «SmArt.Point» коворкинг орталығында болды.

  • Сол күні А. Мамин Алматы облысын дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы Алматы облысын дамытудың барлық жоспарланған жобаларын, оның ішінде Алматы агломерациясын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспары аясында жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды;

  • Сонымен қатар бейсенбі күні Премьер-Министр РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустинмен келіссөз жүргізді. Екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ форматында және 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын дайындау және іске асыру аясында одан әрі арттыру мәселелері талқыланды;

  • 5 ақпанда Алматы қаласында А. Мамин «Digital Almaty 2021: цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» форумына қатысты. Форумға қатысушылар Қазақстанның Цифрлық жобалар көрмесіне барып, мемлекеттік қызмет көрсету, фискалдық деректерді талдау салаларындағы, сондай-ақ қаржы-банк және телекоммуникация секторларындағы қазақстандық жобалармен танысты;

  • Жұма күні Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысы өтті. ЕҮАК шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары барысында ЕҮАК-ке қатысушы елдер үкіметтерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың шарттық-құқықтық базасын нығайтуға, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер жағдайында мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген мәселелерді талқылады, олардың арасында COVID-19-ға қарсы күрес, ішкі және сыртқы сауда саясаты, бизнес кедергілерін жою және кооперациялық ынтымақтастық, цифрлық интеграция және т. б. Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Асқар Мамин Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалығының жарияланған басымдықтары бойынша жұмысты күшейтуге шақырды. ЕҮАК Қазақстанның бастамаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Отырыс соңында қорытынды құжаттарға қол қойылып, бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз конференциясы өткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу