ҚР Үкіметінің отырысы, 1.07.2026

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. 

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар – әділдік, заң үстемдігі, адамға құрмет, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да басты негізі  екенін атап өтті.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияны жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес алғашқы кезеңде заңдардың тоғыз «топтамасы» қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң қабылданды. Қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға толықтай сәйкес келтірілді. 

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Президенттің экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол Үкімет жүргізіп жатқан жұмыс азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев биыл 9 маусымда Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық Digital Qazaqstan стратегиясын бекіткенін атап өтті. Бұл – экономика салаларында жəне мемлекеттік басқаруда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні кең көлемде енгізуге арналған кешенді құжат.

Бүгінгі таңда іске қосылған нысандарды ескере отырып, Қазақстанның энергожүйесі 254 энергия көзінен тұрады, оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өнеркәсіп пен құрылыс салаларын тұрақты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен негізгі міндеттердің жүзеге асырылу барысы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.

Президент Парламенттің бірлескен отырысында Көлік саласының стратегиялық маңызын атап өтті. Соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады.

Жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыруда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша үш бағытта жұмыс жүргізуде. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. 

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізіледі, олардың ішінде «Конституция негіздері» және «Жеке қауіпсіздік» бар. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады.

Конституциялық нормалар адамның үздіксіз даму жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Осыған байланысты ҰБТ жаңғыртылуда, дарынды жастарды ерте анықтау тетіктері енгізілуде, Кәсіптерді трансформациялау ұлттық орталығы құрылуда, AI-SANA бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады.

Премьер-министр барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын атап өтті. Жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің барлығы қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту, сондай-ақ қазақстандықтардың озық ойлы әрі жоғары интеллектуалды буынын қалыптастыруға бағытталған. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу