Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі №294 қаулысы

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1525 қаулысына өзгеріс енгізу туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1525 қаулысына өзгеріс енгізу туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында:

1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және 1944 жылы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидалары әуе кеңістігін пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, әуе кеңістігін пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, ел экономикасы мен қорғанысы мүддесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін айқындайды. 

 2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады: 

1) авиациялық жұмыстар ауданы – әуе кемелерінің авиациялық жұмыстарды орындауы шегінде географиялық координаттармен белгіленген аудан;

2) ағымдағы ұшу жоспары – кейінгі диспетчерлік рұқсаттарға негізделген ықтимал өзгерістерді қоса алғандағы ұшу жоспары;

3) аэростат – күштік қондырғы қозғалысқа түсірмейтін, ауадан жеңіл ұшу аппараты;

4) автожир (гироплан) – ұшқан кезде шамамен тігінен орналасқан, осьтердің айналысында еркін айналып тұратын бір немесе бірнеше тірек бұрандамен ауаның реакциясы есебінен ұсталып тұратын, ауадан ауыр ұшу аппараты;

5) әуеайлақ ауданы (тораптық диспетчерлік аудан (Terminal control area (ТMA) – бір немесе бірнеше ірі әуеайлақ маңында әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттарының түйісу орнында құрылатын диспетчерлік аудан;

6) әуе кеңістігін пайдалану қауіпсіздігі – әуе кеңістігін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей, мемлекетке, азаматтарға және заңды тұлғаларға материалдық залал келтірмей пайдалану жөніндегі қызметтің барлық түрлерінің орындалуын қамтамасыз ету қабілетін айқындайтын әуе кеңістігін пайдаланудың белгіленген тәртібінің кешенді сипаттамасы;

7) әуе кеңістігін пайдалану – жүру барысында түрлі материалдық объектілердің (әуе кемелерінің, зымырандар мен басқа да объектілердің әуе кеңістігінде қозғалуы жүзеге асырылатын қызмет, сондай-ақ әуе қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін басқа да қызмет (биік құрылыстар салу, жүру барысында электр магниттік және басқа да сәулелер бөлінетін қызмет, көру мүмкіндігін нашарлататын заттардың атмосфераға таралуы, жарылыс жұмыстарын жүргізу және т.с.с);

8) әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіру – әуедегі жағдайларға, метеорологиялық, аэронавигациялық жағдайларға байланысты және әуе кеңістігін пайдаланудағы мемлекеттік басымдықтарға сәйкес әуе кеңістігін пайдалануды оңтайландыруға бағытталған, әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау және әуе қозғалысына қызмет көрсету (басқару) барысында жүзеге асырылатын қызмет;

9) әуе кеңістігін пайдалану жоспары – әуе қозғалысын жоспарлау органдарына ұсынылатын жоспарланған қызмет туралы белгілі бір мәліметтер;

10) әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлау – әуе кеңістігін пайдалануды, әуе қозғалысын ұйымдастыруды, әуе кеңістігін, мемлекеттік басымдықтарға сәйкес, оның пайдаланушылары арасында орны, уақыты және биіктігі бойынша бөлу жолымен әуе қозғалысы ағынын ұйымдастыруды рұқсат ету және барлау тәртібінде қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын қызмет;

11) әуе кеңістігінің құрылымы – әуе кеңістігін пайдалану қызметін жүзеге асыруға арналған әуе кеңістігі элементтерінің тік және көлденең жазықтықта шектелген жиынтығы;

12) әуе қозғалысына қызмет көрсету (бұдан әрі – ӘҚҚ) маршруты – әуе қозғалысына қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қозғалыс ағынын бағыттауға арналған белгіленген маршрут. «ӘҚҚ маршруты» термині тиісті жағдайларда әуе трассасын, бақыланатын немесе бақыланбайтын маршрутты, ұшып келу немесе ұшып шығу маршрутын және басқа да маршруттарды айқындау үшін пайдаланылады;

13) әуе қозғалысына қызмет көрсету аумағы – белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, олардың шекарасында әуе трассалары бойынша әуе қозғалысына және олардан тыс маршруттарға қызмет көрсету диспетчерлік орталықтың диспетчері арқылы жүзеге асырылады;

14) әуеайлақтағы қозғалыс аймағы (Aerodrome Traffic Zone) – әуеайлақтағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген, әуеайлақ маңындағы белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігі;

15) әуе шабуылына қарсы қорғаныс органдары (бұдан әрі – ӘШҚҚ органдары) – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бойынша жауынгерлік кезекшілік жүргізу міндеті жүктелген жедел органдары;

16) бойлық эшелондау – әуе кемелерін бір биіктікте уақыт немесе жол сызығы бойындағы ара қашықтық бойынша белгіленген аралықтарға шоғырландыру;

17) бүйірден эшелондау – әуе кемелерін бір биіктікте ұшу сызықтары арасындағы арақашықтық немесе бұрыштық жылжу бойынша белгіленген аралықтарға шоғырландыру;

18) «Брифинг» тобы – әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және қозғалысын жоспарлау және ұшу алдында ақпараттық қызмет көрсету функциясын қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі;

19) диспетчерлік аудан (CTА) – жер бетінде белгіленген шекарадан жоғары жайылған бақыланатын әуе кеңістігі;

20) диспетчерлік аймақ (CTR) – жер бетінен белгіленген жоғарғы шекараға дейін жоғары жайылған бақыланатын әуе кеңістігі;

21) диспетчерлік рұқсат – ұшуды орындаумен және тиісті жағдайлармен және белгіленген ұшу қағидаларымен байланысты әуе кемесінің экипажына әуе қозғалысына қызмет көрсету органы беретін рұқсат;

22) диспетчерлік нұсқау – пилотқа нақты жағдайда нақты іс-қимылды ұйғаратын әуе қозғалысын пайдалану органының директивті нұсқаулары;

23) дирижабль – күштік қондырғы қозғалысқа түсіретін ауадан жеңіл ұшу аппараты;

24) жауапкершілік аймағы (ауданы) – әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары өз функцияларын жүзеге асыратын белгіленген өлшемдегі әуе кеңістігі;

25) жауап бергіштің (транспондердің) міндетті түрде болуы талап етілетін әуе кеңістігінің аймағы (TMZ) – белгіленген рәсімдерге сәйкес пайдаланылатын бақылау жүйесіне арналған жауапкердің әуе кемесін міндетті жабдықтау талап етілетін ұшу кезіндегі белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігінің аймағы;

26) тікелей көру аймағынан тыс ұшу (BVLOS) – пилотсыз әуе кемесі тұрақты тікелей визуалды байланыстан тыс немесе сыртқы пилот немесе оператор пилотсыз әуе кемесінің орналасқан жерін көзбен шолып бақылауға және басқа әуе кемелеріне, адамдарға және соқтығысуды болдырмау үшін кедергілерге қатысты пилотсыз әуе кемесінің ұшу траекториясын бақылауға мүмкіндігі бар қашықтықтан тыс орналасқан пилотсыз әуе кемесінің ұшу түрі;

27) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан ұшып өтудің әуе дәлізі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының үстіндегі әуе кеңістігінің халықаралық ұшуды орындайтын әуе кемелерінің қиып өтуі үшін белгіленген бөлігі;

28) қашықтықтан сәйкестендіру жүйесі – ұшуды орындау процесінде пилотсыз әуе кемесі туралы ақпаратты жергілікті таратуды қамтамасыз ететін жүйе;

29) қайталанатын ұшу жоспары (RPL) – ӘҚҚ органдары сақтау және қайта пайдалану үшін пайдаланушы ұсынатын, негізгі ерекшеліктері бірдей, жиі қайталанатын, тұрақты түрде орындалатын бірқатар жеке ұшумен байланысты ұшу жоспары;

30) қалыптарды жинаудың есептік уақыты – әуе кемесі ұшумен байланысты қозғалысты бастаған кездегі есептеу уақыты;

31) қосарлы мақсаттағы өнім – өзінің қасиеттері мен техникалық ерекшеліктеріне қарай жаппай жою қару-жарақтарын және оларды жеткізу құралдарын жасау мақсаттарына арналған өнім;

32) қосымша тұрақты рейс – авиакомпанияның өзінің тұрақты рейсіне қосымша сол авиамаршрутта бір күнде орындайтын рейсі;

33) қысқа мерзімді шектеу – әуе кемелерінің ұшуды қауіпсіз орындауын қамтамасыз ету үшін әуе кеңістігінің белгілі бір бөлігін пайдалануға тыйым салу немесе шектеу;

34) радиобайланыс міндетті түрде жүргізілетін әуе кеңістігінің аймағы (RMZ) – ұшу кезінде бортта белгіленген рәсімдерге сәйкес пайдаланылатын екіжақты радиобайланыс жүргізуге арналған жабдықтың міндетті түрде болуы тиіс белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігінің аймағы;

35) пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына арналған әуе кеңістігінің аймағы (UFZ – unmanned flight zone) – пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын орындауға арналған белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігінің арнайы аймағы;

36) пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақ – пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы белгілі бір шарттармен шектелген, Қазақстан Республикасы аумағының үстінде белгіленген мөлшерлердегі әуе кеңістігінің бөлігі;

37) пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, ұшуларды орындау үшін әуе кеңістігін пайдалануға арналған өтінім – пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, ұшуларды орындау кезінде әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асырудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кеңістігін пайдаланушылар беретін белгіленген нысандағы құжат;

38) пилотсыз әуе кемесі (бұдан әрі – ПӘК) – бортында пилотсыз автономды жұмыс істеуге және (немесе) қашықтан басқаруға арналған немесе пайдаланылатын әуе кемесі;

39) пилотсыз авиациялық жүйе (бұдан әрі – ПАЖ) – пилотсыз әуе кемесін әуе кеңістігінде қауіпсіз және тиімді пайдалану үшін қажетті пилотсыз әуе кемесі және онымен байланысты элементтер (пилотсыз әуе кемесін басқаратын байланыс арналары мен компоненттерін қоса алғанда);

40) планер – күштік қондырғы қозғалысқа түсірмейтін ауадан ауыр ұшу аппараты, оның көтеру күші негізінен осы ұшу жағдайларында қозғалмайтын беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен құрылады;

41) радиокөру аймағы шегінде ұшу (RLOS) – ұшуды басқару үшін пайдаланылатын таратқыш (тар) мен қабылдағыш (тар) радиобайланыстың бірлескен желісінің қолданылу аймағы шегінде болатын пилотсыз әуе кемесінің ұшуы;

42) радиокөру аймағынан тыс ұшу (BRLOS) – ұшуды басқару үшін пайдаланылатын таратқыш (тар) мен қабылдағыш (тар) бірлескен радиобайланыс желісінің әрекет ету аймағы шегінде болмайтын пилотсыз әуе кемесінің ұшуы;

43) тікелей көру аймағы шегінде ұшу (VLOS) – сыртқы пилот немесе оператор сыртқы пилоттың немесе оператордың орналасқан жерінен көлденеңінен 500 метрден аспайтын қашықтықта бөгде адамның көмегінсіз пилотсыз әуе кемесімен тұрақты визуалды байланыс жасай алатын және пилотсыз әуе кемесінің басқа әуе кемелеріне, адамдарға және соқтығысуды болдырмау үшін кедергілерге қатысты ұшу траекториясын бақылай алатын пилотсыз әуе кемесінің ұшу түрі;

44) тігінен эшелондау – әуе кемелерін биіктігі жағынан белгіленген аралықтарға келтіру;

45) уақытша режимдер белгілеуге ұсыным - әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе кеңістігінің басқа пайдаланушыларының қызметіне тыйым салу немесе әуе кеңістігін пайдаланушыларға берілетін уақытша режимдерді белгілеуге берілетін өтінім;

46) ұсынылған ұшу жоспары – пилот немесе оның уәкілетті өкілі ӘҚҚ органына берген күйдегі, кейіннен ешқандай өзгеріс енгізілмеген ұшу жоспары;

47) ұшу ақпаратының аймағы (FIZ) – шекарасында ұшу ақпаратының әуеайлақтық қызметі (AFIS) немесе басқа орган берген өкілеттікке сәйкес ұшу-ақпараттық қызмет көрсету мен авариялық хабар таратуды қамтамасыз ететін ұшу ақпараты аймағының бөлігі;

48) ұшып келудің есептік уақыты:

аспаптар бойынша ұшу кезінде – аспаптар бойынша қонуға беттеу маневрін орындау болжанатын навигациялық құралдармен белгіленетін межелі нүктеге әуе кемесі ұшып келуінің есептік уақыты немесе осы әуеайлақпен байланысты навигациялық құралдардың болмауы кезінде – әуе кемесінің әуеайлақ үстіндегі нүктеге келу уақыты;

визуалды ұшу қағидалары (бұдан әрі – ВҰҚ) бойынша ұшуды орындау кезінде – әуе кемесінің әуеайлақ үстіндегі нүктеге келуінің есептік уақыты;

49) ұшу биіктігі – белгіленген деңгейден әуе кемесіне дейінгі тігінен алғандағы қашықтық;

50) ұшу маршруты – негізгі пунктімен анықталған жер (су) бетінде әуе кемесі ұшуының берілген (белгіленген) траекториясының проекциясы;

51) ұшу ақпаратының ауданы (FIR) – шегінде ұшу-ақпараттық қызмет көрсету және авариялық хабардар ету қамтамасыз етілетін белгілі бір өлшемдегі әуе кеңістігі;

52) халықаралық әуе трассасы – халықаралық ұшуларға арналған ашық әуе трассасы;

53) эшелондау – әуе кемелерін әуе кеңістігінде белгіленген аралықтарға тік, бойлай немесе бүйірлей шоғырландыру;

54) NOTAM-офис – NОТАМ хабарламасын шығаратын аэронавигациялық қызмет көрсетушінің құрылымдық бөлімшесі;

55) NОТАМ хабарламасы – кез келген аэронавигациялық жабдықты, қызмет көрсетуді және қағиданы қолданысқа енгізу, жай-күйі немесе өзгерту туралы ақпаратты, сондай-ақ ұшуды орындаумен байланысты қауіп туралы алдын ала ескертудің персонал үшін маңызды мәні бар қауіп туралы ақпаратты, сондай-ақ өзге де аэронавигациялық ақпаратты қамтитын хабарлама.»;

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Әуе кеңістігінің құрылымы мынадай элементтерді қамтиды:

1) ұшу ақпаратының аудандары (аймақтар) және диспетчерлік аудандар;

2) әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттары;

3) тораптық диспетчерлік аудандар, диспетчерлік аймақтар мен әуеайлақтағы қозғалыс аймақтары;

4) бақыланбайтын әуе кеңістігінің аудандары;

5) мемлекеттік авиацияның арнайы ұшу аймақтары;

6) тыйым салынған аймақтар;

7) қауіпті аймақтар;

8) ұшуды шектеу аймақтары;

9) әуе трассалары;

10) жауапкердің (транспондердің) міндетті түрде болуы талап етілетін әуе кеңістігінің аймағы (TMZ);

11) радиобайланыс міндетті түрде жүргізілетін әуе кеңістігінің аймағы (RMZ);

12) пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймағы;

13) пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына арналған әуе кеңістігінің аймағы.

Әуе қозғалысына қызмет көрсетуді қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған әуе кеңістігінің белгілі бір бөліктері мен белгілі бір әуеайлақтар әуе қозғалысына қызмет көрсету түріне сәйкес белгіленуге тиіс.»;

мынадай мазмұндағы 7-9-тармақпен толықтырылсын:

«7-9. Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына арналған әуе кеңістігі аймақтарының шекаралары (UFZ – unmanned flight zone) тыйым салынған және қауіпті аймақтарды, ұшуды шектеу аймақтарын және пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймақтарын қоспағанда, жер бетінен 200 метр биіктікке дейінгі республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімшілік шекаралары шегінде белгіленеді.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы үшін әуе кеңістігі аймақтарының шекаралары осы Қағидаларға 3-1-қосымшада келтірілген тәртіпке сәйкес белгіленеді.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы үшін әуе кеңістігі аймақтарының шегінде пилотсыз әуе кемелерінің барлық ұшулары қашықтықтан сәйкестендіру жүйесі қосылған кезде орындалуы тиіс.»;

17-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«17-2. Елді мекендердің тығыз қоныстанған аудандарында пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшуларды, сондай-ақ осы Қағидалардың 82-1-тармағында көрсетілген ұшуларды орындау кезінде пайдаланушы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидаларында айқындалатын нысан бойынша ПАЖ пайдаланушы мен ӘҚБ тиісті орталығы арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді, бекітеді және ӘҚБ орталығына және жауапкершілік аймағында ұшуларды орындау жоспарланған ӘҚҚ органына келісуге ұсынады»;

22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«22. Қауіпті аймақтар ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін кез келген қызмет түрлерінің мүддесі үшін Қазақстан Республикасының ӘҚҚ немесе ӘҚБ органдарының жауапкершілік аймағындағы шекара маңы белдеуінен тыс Каспий теңізі акваториясының үстінде белгіленеді.

Егер осы аймақтағы қызмет әуе кеңістігін пайдаланушылар хабардар етілуі қажет тәуекелмен байланысты болғанда, қауіпті аймақтар ӘҚБ БО шешімі бойынша Қазақстан Республикасы аумағының үстінде белгіленуі мүмкін.

23. Ұшуды шектеу аймақтары Қазақстан Республикасы аумағының үстінде, сондай-ақ аумақтық сулардың үстінде мыналармен байланысты қызметтің мынадай қызмет түрлерінің мүддесі үшін белгіленеді:

1) атыстардың барлық түрлерін жүргізу аудандары;

2) зымырандарды ұшыру;

3) жарылыс жұмыстары;

4) мемлекеттік табиғи қорықтар;

5) ұлттық саябақтар;

6) тарих және мәдениет ескерткіштері;

7) мүдделі мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша қорғалатын объектілердің үстінде;

8) оқ-дәрілер сақталатын объектілерде олармен жұмыстар жүргізу;

9) атмосферада ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру;

10) электромагниттік сәулелену;

11) жарық сәулелену;

12) басқарылмайтын аэростаттарды немесе зондтарды (осы Қағидалардың 83-1-тармағына сәйкес жеңіл деп жіктелетін басқарылмайтын аэростаттарды немесе зондтарды қоспағанда) іске қосу аудандары;

13) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аймақтары.»;

мынадай мазмұндағы 23-1-тармақпен толықтырылсын:

«23-1. Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймақтары белгіленген шарттарға сәйкес пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын толық немесе ішінара шектеуге арналған.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеудің тұрақты жұмыс істейтін аймақтары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді айқындау қағидаларында көрсетілген мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің объектілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі объектілерінің үстінде белгіленеді.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтары басқа мемлекеттік объектілердің, мүдделі мемлекеттік органдарды ұсыну жөніндегі сыни инфрақұрылым объектілерінің үстінде, сондай-ақ бақыланатын әуеайлақтардың маңында белгіленуі мүмкін.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтар осы Қағидаларға 3-1-қосымшада келтірілген тәртіпке сәйкес белгіленеді.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтарды белгілеу кезінде мыналар ескерілуі мүмкін:

1) ПӘК-тың құрылыс түрі;

2) ПӘК-тың ең жоғары ұшу салмағы;

3) ПӘК қозғалтқышының түрі (электр, ішкі жану қозғалтқышы);

4) авиациялық жұмыстардың түрі.»;

24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«24. Егер мүддесіне орай қауіпті аймақ, ұшуға шектеу қойылған аймақ, пилотсыз әуе кемелерінің шектеу қойылған аймағы белгіленген қызмет тұрақты сипатта болмаса, қауіпті аймақтың, ұшуға шектеу қойылған аймақтың және пилотсыз әуе кемелерінің шектеу қойылған аймағының әрекеті уақыт кезеңімен шектеледі.

Уақыт кезеңімен шектелген қауіпті аймақтардағы, ұшуға шектеу қойылған аймақтардағы қызмет туралы мәліметтер осы Қағидаларға 3-қосымшада көзделген әуе кемелерінің қозғалысы және әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүргізу туралы хабарламалардың түрлеріне сәйкес NOTAM хабарламасы арқылы жеткізіледі.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтарын уақытша белгілеу туралы мәліметтерді әуе кеңістігін пайдаланушыларға жауапкершілік аймағында осы аймақ белгіленген ӘҚБ орталықтары жеткізеді.»;

26-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«26-1. Тыйым салынған аймақтарды, қауіпті аймақтарды, ұшу шектелген аймақтарды бастапқы белгілеген кезде әр аймаққа белгі тағайындалады.

Пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймақтары үшін әрбір аймаққа белгі осы аймақ тұрақты негізде белгіленгенде ғана беріледі.»;

26-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«26-3. Белгілеу әріптер мен цифрлардың мынадай тобынан құралады:

1) әріптік белгілеу UA;

2) Р әрпі – тиісінше тыйым салынған аймақ үшін, R әрпі – ұшуды шектеу аймағы үшін. RU әріптері –пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймағы үшін және D әрпі – қауіпті аймақ үшін;

3) Қазақстан Республикасының аумағы шегінде қайталанбайтын нөмір.»;

27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«27. Қызмет тұрақты негізде жүзеге асырылатын тыйым салынған аймақтардағы, ұшуды шектеу аймақтарындағы немесе пилотсыз әуе кемелерінің ұшуларына шектеу қойылған аймақтарындағы әуе кеңістігін пайдалануға төмендегі жағдайлардан басқа жағдайларда тыйым салынады:

1) мүддесі үшін осындай аймақтар белгіленген адамдардың әуе кеңістігін пайдалануы;

2) тәртіп бұзушы әуе кемелерін ұстау үшін ұшуды орындау, сондай-ақ мемлекет мүддесінде басқа да шұғыл тапсырмаларды орындау;

3) төтенше жағдайларда іздестіру-құтқару жұмыстарын және көмек көрсету жұмыстарын жүргізу мақсатында ұшуларды орындау;

4) әуе кемелерінің Қазақстан Республикасымен жасалған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын ұшуларды орындауы.

28. Осы Қағидалардың 27-тармағында көзделмеген жағдайларда, қызмет тұрақты негізде жүзеге асырылатын тыйым салынған аймақтағы немесе ұшуды шектеу аймағындағы әуе кеңістігін пайдалану қажет болған кезде әуе кеңістігін пайдаланушылар мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның рұқсатын алады.»;

мынадай мазмұндағы 28-1-тармақпен толықтырылсын:

«28-1. Қауіпті аймақтың әуе кеңістігін пайдалануға әуе кемесінің командирі осы әуе кеңістігінің ұшуы кезінде ұшу үшін елеулі салдарлар туындамайтыны туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана жол беріледі.»;

30-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«30-1. Пилотсыз әуе кемелерінің шекаралық белдеудің үстіндегі әуе кеңістігінде ұшуы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 33-бабының
4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.»;

32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«32. Адамдардың өмірін құтқару және денсаулығын қорғау, қылмыстардың жолын кесу және ашу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында әуе кемелерінің белгіленген схемалардан (маршруттардан) тыс елді мекендердің халық тығыз орналасқан аудандарының үстінен ұшуы, сондай-ақ авиациялық жұмыстарды, парашюттен секіруді орындау, пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшулар, байланатын аэростаттардың көтерілуі осындай ұшуларды ұйымдастырушының ұшуды орындау қауіпсіздігін қамтамасыз етуімен, көрсетілген іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ететін биіктікте орындалады.

Ұшу және қону кезеңімен, адамдардың өмірін құтқару және денсаулығын қорғау, қылмыстардың жолын кесу және ашу жөніндегі іс-шаралармен байланысты ұшуларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің күзет іс-шараларын өткізу шеңберінде орындалатын ұшуларды қоспағанда, белгіленген схемалардан (маршруттардан) тыс бақыланатын әуе кеңістігіндегі елді мекендердің үстінен визуалды ұшу (бұдан әрі – ВҰҚ) қағидалары бойынша азаматтық әуе кемелерінің ұшуларын орындауды келісуді әуе кемесін пайдаланушы осы Қағидалардың 63-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

Белгіленген схемалардан (маршруттардан) тыс елді мекендердің үстінен КШҰ қағидалары бойынша мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуына және авиацияның барлық түріндегі пилотсыз әуе кемелерінің ұшуына рұқсат беруді ӘҚБ орталықтары осы Қағидалардың 4-бөлімінде көзделген тәртіппен ұшу жоспарын (әуе кеңістігін пайдалануға өтінім) ұсынған кезде жүргізеді.

ӘҚБ орталықтары осындай ұшуларды келісу кезінде:

1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның арнайы рұқсаты берілген ұшуларды қоспағанда, тыйым салынған аймақтарға және шектеу аймақтарына кіруді болдырмайды;

2) осы Қағидалардың 82-2-тармағында көзделген қажетті келісулердің болуын тексереді.

Күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде, пилотсыз әуе кемелерін қоса алғанда, әуе кемелерінің елді мекендер үстінде ұшуы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.

Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ВҰҚ қағидалары бойынша ұшуларды орындау кезінде әуе кемесін пайдаланушы, егер бұл ұшуға арналған тапсырмада немесе ұшу жоспарында көзделмесе, елді мекендердің үстінен ұшуды орындамайды.»;

45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«45. Әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты аэронавигациялық қызметті көрсетуді берушінің Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы (бұдан әрі – ӘҚЖ БО) ӘҚБ БО-мен бірлесіп жүзеге асырады.»;

47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«47. ӘҚБ БО операциялық әуе қозғалысы үшін ұсынылған барлық ұшу жоспарлары, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалануға берілген өтінімдер негізінде әуе кеңістігін пайдалануды жоспарлауды жүзеге асырады.»;

55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«55. Әуе кеңістігін пайдалану жоспары төмендегідей бөлінеді:

1) әуе кемелерінің ұшу жоспарлары;

2) басқарылатын аэростаттардың, дирижабльдердің ұшу жоспарлары;

3) планерлердің (дельтапландар мен парапландардың) ұшуы кезінде әуе кеңістігін пайдалану жоспарлары;

4) пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшуды орындау кезінде әуе кеңістігін пайдалану жоспарлары;

5) басқарылмайтын аэростаттарды (зонд-шар) ұшыру, атыс, ракета ұшыру және жару жұмыстарын жүргізу жоспарлары.»;

58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«58. Ұшу жоспары А, B, С, D және E кластарының әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат алу үшін, сондай-ақ пайдаланушының сұрау салуы бойынша әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарын хабардар ету және ұшу-ақпараттық қызмет көрсету мақсатында G класының әуе кеңістігін пайдалану кезінде ұсынылады.

Басқарылатын аэростаттың немесе дирижабльдің ұшу жоспары туралы хабарлама әуе кеңістігінің класына қарамастан әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат алу үшін беріледі.

Басқарылатын аэростаттың немесе дирижабльдердің күзетілетін объектілердің үстінен ұшуларын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен осындай ұшулар басталғанға дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын келіседі.»;

60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«60. Ұшу жоспарын әуе кеңістігін пайдаланушы ӘҚБ БО-ға немесе операциялық әуе қозғалысына қатысатын әуе кемелерінің ұшулары орындалғанда жақын жердегі әуе қозғалысын басқару орталығына ұсынады.

63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«63. Әуе кемесiнiң ұшу жоспарында:

1) әуе кемесiнiң тану индексi (рейс нөмiрi, әуе кемесiнiң мемлекеттiк және тiркелген тану белгiлерi) туралы;

2) ұшу қағидалары (АҰҚ және ВҰҚ) және ұшу типi (тұрақты (S), тұрақты емес (N), жалпы мақсаттағы авиация ұшуы (G), мемлекеттiк авиация әуе кемесiнiң ұшуы (М), басқа кез келген ұшу (X) үшiн) туралы;

3) әуе кемелерiнiң саны және типi, iзiнiң турбуленттiлiк санаты (азаматтық әуе кемелерi үшiн) туралы;

4) әуе кемесiнiң жабдығы туралы;

5) ұшып шығу әуеайлағы (ұшып шығу пункті) және ұшып шығу уақыты туралы;

6) ұшу маршруты туралы;

7) ұшып баратын әуеайлақ және жалпы есептiк өткен уақыт (қонуға дейiнгi), қосымша әуеайлақтар туралы;

8) ұшу маршрутының ерекшелiктерiн, әуе кемесiнiң тiркеу белгiлерiн, пайдаланушының атауын, әуе кемесiнiң ұшу-техникалық деректерiн, бортта қолданылатын жабдықты сипаттауға қажетті ақпарат және егер үлгi ақпараттан өзгеше болса немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдары тарапынан ерекше қатынасты талап ететiн ақпарат болса өзге де қажетті ақпарат осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес ұшу мәртебесi туралы;

9) отын қорына, борттағы адамдар санына, авариялық-құтқару жабдықтарына қатысты ақпарат қамтылады.

Азаматтық әуе кемесінің ұшу жоспары туралы хабарламаға кіретін ақпараттың үлгілік құрамы (көлемі) және көрсетілген жоспарды беру осы Қағидаларға 3, 5 және 6-қосымшаларда айқындалады.

Ұшуды орындау кезінде рейс нөмірлерінің қайталануын болдырмау мақсатында қазақстандық пайдаланушылар рейстерінің қолданылатын нөмірлерін үйлестіруді ӘҚ БЖО жүзеге асырады.

Басқарылатын аэростаттың немесе дирижабльдің ұшу жоспарына Қағидалардың осы тармағының 1), 3), 5), 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген ақпарат енгізіледі.

Авиациялық жұмыстарға, оқу-жаттығу ұшуларына, мәдени-ағарту іс-шараларына, сондай-ақ бақыланатын әуе кеңістігіндегі елді мекендердің үстіндегі ВҰҚ бойынша жеке мақсаттағы ұшуларға байланысты ұшуларды орындау кезінде азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға жауапкершілік аймағында ӘҚБ орталығына және ӘҚҚ органына келісуге арналған ұшу жоспарына түсініктеме береді.

Бақыланатын әуе кеңістігінде елді мекен үстіндегі ВҰҚ бойынша ұшуды орындау кезінде ұшу жоспарына түсініктеме:

  1. елді мекеннің үстінен ұшу сызбасын (маршрутын), ұшу бейінін;
  2. ұшуды ӘҚБ орталығымен және ӘҚҚ органымен келісу тәртібі;
  3. орындалатын ұшудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

4) әуе кемесін пайдаланушымен және (немесе) ұшуды ұйымдастырушымен байланыс тәсілдері қамтиды.»;

мынадай мазмұндағы 64-1-тармақпен толықтырылсын:

«64-1. Жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты ақпарат мынадай жағдайларда әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органдарына ұсынылмайды:

1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзушылықтардың немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кірудің алдын алу және тоқтату;

2) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын іздеу және эвакуациялау;

3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтардың алдын алу және (немесе) тоқтату және (немесе) жолын кесу.»;

65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«65. Ұшу жоспары ұшу уақытынан кемінде үш сағат бұрын ұсынылатын дирижабльдердің және басқарылатын аэростаттардың ұшуын қоспағанда, ұшу жоспары есептелген ұшу уақытынан кемінде 60 минут бұрын және есептелген ұшу уақытынан 120 сағат бұрын ұсынылады. Есептелген ұшу уақыты деп, егер қолданылатын болса, әуе кемесін бұру-жылжытуды бастау үшін оның тіреуіштерін алып тастау, ал қалған жағдайларда – әуе кемесінің ұшып көтерілу уақыты түсініледі.»;

75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«75. Әуе кеңістігін пайдаланушы әуе кеңістігін пайдалануға өтінімді ӘҚБ БО-ға немесе жақын жердегі ӘҚБ орталығына:

осы Қағидалардың 83-1-тармағына сәйкес жеңіл деп жіктелетін метеорологиялық зондтардың немесе басқарылмайтын аэростаттардың ұшуларын қоспағанда, басқарылмайтын аэростаттардың (шар-зондтардың) ұшуларымен;

атыс, зымырандар ұшыруды, жарылыс жұмыстарын өткізумен;

планерлер (дельтапландар және парапландар) ұшуларымен;

пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшуларымен байланысты қызметті орындаған жағдайда ұсынады.

Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты мәлімделген қызмет түріне өзгерістер енгізілген кезде әуе кеңістігін пайдаланушы ӘҚБ БО немесе жақын жердегі ӘҚБ орталығында әуе кеңістігін пайдалануға жаңа өтінім береді.

Жаңа өтінім осындай қызмет басталғанға дейін үш сағаттан кешіктірілмей ұсынылады.»;

мынадай мазмұндағы 77-1-тармақпен толықтырылсын:

«77-1. Пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, ұшуларды орындау үшін әуе кеңістігін пайдалануға арналған өтінім осы Қағидаларға
7-1-қосымшада көрсетілген талаптарға сәйкес және нысан бойынша толтырылады.»;

мынадай мазмұндағы 78-1-тармақпен толықтырылсын:

«78-1. Планерлердің (дельтапландар мен парапландардың) ұшуына байланысты қызмет орындалғанда әуе кеңістігін пайдалануға арналған өтінімде мынадай деректер болуға тиіс:

1) хабарлама типі;

2) ұшу аппаратының типі және анықтамалық деректер;

3) ұшу (бастау) пункті, ұшу (басталу) уақыты;

4) ұшу биіктігі, ұшу бағыты немесе ауданы;

5) отырғызу пункті (аяқталуы), отырғызу уақыты (аяқталуы);

6) қызметті белгілеу;

7) орындалу күні;

8) тиесілілігі;

9) байланыс деректері.»;

79 және 80-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«79. Әуе кеңістігін пайдалануға берілетін өтінімдер қызметті бір рет жүзеге асыруға немесе белгілі бір уақыт кезеңіне (бірақ 90 тәуліктен артық емес) беріледі.

80. Басқарылмайтын аэростаттар ұшырылатын, атыс, зымырандар ұшыру, жарылыс жұмыстары өткізілетін, планерлер (дельтапландар мен парапландар), пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшырылатын қызметті жүзеге асыруға әуе кеңістігін пайдаланушы әуе кеңістігін пайдалануға өтінімді
ӘҚБ БО-ға немесе жақын жердегі ӘҚБ орталығына әуе кемелерінің қозғалысы және осы Қағидаларға 3-қосымшада көзделген әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүргізу туралы хабарламалар түрлеріне сәйкес ұсынады.»;

81-тармақ алып тасталсын;

5-бөлімнің атауы мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану шарттары»;

82, 82-1 және 82-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«82. Әуе кеңістігін пайдалануға өтінімдер ұсынылған пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшу өтінімде көрсетілген деректерге сәйкес жүзеге асырылады.

82-1. Пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшуды орындау үшін әуе кеңістігін пайдалануға өтінім мынадай:

  1. егер пилотсыз әуе кемесінің жоспарланған ұшу биіктігі жер бетінен 50 метрден асатын болса, бақыланатын әуе кеңістігінде ұшу кезінде;
  2. егер пилотсыз әуе кемесінің жоспарланған ұшу биіктігі жер бетінен 200 метрден асса бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде;
  3. егер ұшу тікелей көру аймағынан тыс орындалатын болса;
  4. пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, авиациялық жұмыстарды орындау жоспарланған;
  5. ұшу бағыты (жоспарланатын траектория) пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы үшін әуе кеңістігі аймақтарының шегінде өтетін;
  6. ұшу бағыты (жоспарланған траектория) әуеайлақтың бақылау нүктесінен 8 км шегінде өтетін жағдайларда ӘҚБ орталықтарына жіберілуге тиіс.

82-2. Пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшулар:

1) тікелей көру аймағы шегінде (VLOS) немесе тікелей көру аймағынан тыс (BVLOS);

2) осы Қағидаларға 7-2-қосымшада көрсетілген ПАЖ қолдана отырып, ұшу үшін белгіленген метеорологиялық минимумдарға сәйкес жергілікті жеріне және ұшу түріне қарай;

3) бақыланатын әуе кеңістігінде:

осы Қағидалардың 144-тармағына сәйкес әуе қозғалысын басқару орталықтары қысқа мерзімді шектеулер енгізген жағдайда, пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы үшін әуе кеңістігінің аймақтарын және осы тармақшаның екінші абзацында көзделген ережелерді қоспағанда, жер бетінен 50 метрден астам биіктікте ұшу;

пилотсыз әуе кемелерінің ұшуы үшін әуе кеңістігінің аймақтары белгіленбеген диспетчерлік аймақтың әуе кеңістігінде ұшулар жер бетінен қоса алғанда 50 метр биіктікке дейін тікелей көру шегінде ғана орындалады, ал ұшу бағыты әуеайлақтың бақылау нүктесінен 8 км жақын өтпейді;

пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, авиациялық жұмыстарды, жаппай демонстрациялық ұшуларды (аэрошоу), сондай-ақ барлық биіктіктерде жүргізілетін тікелей көру шегінен тыс ұшуларды орындау кезінде, жауапкершілік аймағында ұшуларды орындау жоспарланып отырған әуе қозғалысын басқару орталығымен келісілгеннен кейін ғана және осы Қағидалардың 144-тармағына сәйкес әуе қозғалысын басқару орталықтары қысқа мерзімді шектеулер енгізген жағдайда;

бақыланатын әуе кеңістігінде орналасқан бақыланбайтын әуеайлақтың әуеайлақтық қозғалыс аймағында ұшу – осы Қағидалардың 144-тармағына сәйкес әуе қозғалысын басқару орталықтары қысқа мерзімді шектеулер енгізген жағдайда, жауапкершілік аймағында осындай әуеайлақ орналасқан әуеайлақ пайдаланушысының және әуе қозғалысын басқару орталығының келісуі бойынша;

4) бақыланбайтын әуе кеңістігінде:

осы тармақшаның екінші абзацында көзделген ережелерді қоспағанда, әуе қозғалысын басқару орталықтарының қысқа мерзімді шектеулерін енгізбестен, авиациялық жұмыстарды орындауды қоса алғанда, жер бетінен 200 метр биіктікке дейінгі тікелей көру аймағының маңындағы ұшулар;

жаппай демонстрациялық ұшуларды (аэрошоу) жүргізу, авиациялық жұмыстарды тікелей көру шегінен тыс орындау, жауапкершілік аймағында ұшуларды орындау жоспарланып отырған әуе қозғалысын басқару орталығымен келісілгеннен кейін ғана барлық биіктіктерде жүргізілетін эксперименттік авиацияның ПАЖ ұшулары кезінде және осы Қағидалардың 144-тармағына сәйкес әуе қозғалысын басқару орталықтары қысқа мерзімді шектеулер енгізген жағдайда;

бақыланбайтын әуеайлақтың әуеайлақтық қозғалыс аймағында G класты әуе кеңістігінде – әуеайлақ пайдаланушысының келісуі бойынша және әуеайлақтық ұшу-ақпараттық қызмет көрсету органымен үйлестірілгеннен кейін (болған жағдайда);

5) пилотсыз әуе кемелерінің ұшулары үшін әуе кеңістігі аймақтарында азаматтық авиацияның пилотсыз авиациялық жүйелерін қолдана отырып ұшулар:

жер бетінен қоса алғанда 200 метр биіктікке дейін елді мекендердің халық тығыз қоныстанған аудандарының үстінен пилотсыз әуе кемелерінің ұшуын орындауға рұқсат немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым берген авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат болған кезде орындалады;

Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде азаматтық пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес жұмыс істейтін қашықтықтан сәйкестендіру жүйесімен ұшулар орындалады.»;

82-6 және 83-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«82-6. Пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып ұшуды қамтамасыз ету үшін әуе кеңістігінде қысқа мерзімді шектеулер енгізілген кезде оларды пайдалану шарттары ескертіледі.

83. 83-1-тармаққа сәйкес жеңіл деп жіктелетін метеорологиялық зондтардың немесе басқарылмайтын аэростаттардың ұшуын қоспағанда, басқарылмайтын аэростаттардың ұшуы осы Қағидалардың 84, 85, 86, 87, 88, 89, 90, 91, 92, 93-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аэрологиялық станциялардан метеорологиялық зондтарды тұрақты іске қосу туралы ақпарат Қазақстан Республикасының аэронавигациялық ақпарат жинағында жарияланады.»;

98 және 99-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«98. ӘҚЖ БО әуе кеңістігін пайдалану жоспарларын мынадай:

1) әуе кемелері ұшуды әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттары бойынша орындаған жағдайда;

2) ұшуларды авиациялық жұмыстар аудандарында орындаған жағдайда жүзеге асырады.

99. ӘҚБ БО әуе кеңістігін пайдалану жоспарларын жүргізуді мына жағдайларда:

1) мемлекеттік авиацияның әуе кемелері ұшуды әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруттарынан тыс жерде, арнайы аймақтарда және мемлекеттік авиацияның басқа да ұшу аудандарында орындаған жағдайда;

2) пилотсыз авиациялық жүйелерді, басқарылатын аэростаттарды, дирижабльдерді, планерлерді (дельтапландар мен парапландарды) қолдана отырып ұшуларды орындау кезінде;

3) әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі қызметті Заңның 18-бабы
1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүзеге асырған жағдайда жүзеге асырады.»;

143-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«143. ӘҚБ БО Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ӘҚҚ немесе ӘҚБ органдарының жауапкершілік аймақтарындағы теңіздердің іргелес акваторияларының үстінен:

1) Қазақстан Республикасының Президентін немесе шет мемлекеттердің басшыларын тасымалдау бойынша аса маңызды ұшуларды орындайтын әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының әуе трассаларында, маршруттарында және аймақтарында;

2) оқу-жаттығулар (атыстардың барлық түрлері), әуе шерулері (көрсету және демонстрациялық ұшулары, оның ішінде парашютпен жаппай секіру), ғарыш объектілерін ұшыру және қондыру, авиациялық және зымыран техникасын сынау, әуе кемелерін (топтарды) көлденең және тік жазықтықта маневрлеу арқылы ұшу, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін басқа да қызмет аудандарында;

3) сынақтық (зерттеу) ұшу, рекорд орнатуға арналған ұшу, зымырандарды практикалық түрде жіберуді орындау, сондай-ақ пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдана отырып, сынақтық (демонстрациялық) ұшу маршруттарында;

4) халықаралық келісімде айқындалған, берілген әуе кеңістігінде әуе кеңістігін пайдаланудың уақытша режимін белгілейді және NOTAM хабарлама арқылы әуе кеңістігін пайдаланушыларға жеткізіледі;

NOTAM хабарламасын шығаруға өтінім әуе кеңістігін пайдаланудың уақытша режимін енгізу мақсатында осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы Қағидаларға 3-қосымшада көзделген әуе кемелерінің қозғалысы және әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүргізу туралы хабар түрлеріне сәйкес осындай қызмет басталғанға дейін 7 тәуліктен кешіктірілмей
NOTAM-офиске жіберіледі.»;

162-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«162-1. Ғарыш қызметін қамтамасыз ету кезінде уақытша режимді орнатуға арналған ұсынымды мемлекеттік орган немесе ұйым Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын басқарудың бас орталығына ғарыш қызметі жоспарланған күнге дейін кемінде 9 тәулік қалған мерзімде ұсынады.

Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын басқарудың бас орталығына көрсетілген мерзімнен кеш ұсынылған уақытша режимдер орнатуға арналған ұсынымдар қаралмайды, бұл туралы ақпарат ұсынымды берушілерге жеткізіледі.»;

мынадай мазмұндағы 174-1-тармақпен толықтырылсын:

«174-1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары құзыретті мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы шетелдік әуе кемесінің ұшуы барысында не оған дейін ұсынылған жазбаша талабы бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы ұшу барысында осы талапты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бортында мәлімделмеген нақты тауарлардың болуы туралы ақпараттың бар-жоғын байқау үшін астаналық әуежайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының әуеайлағына қону туралы шетелдік әуе кемесінің экипажына береді. Көрсетілген талап Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (3 bis-бабының b) тармағы) талаптарына сәйкес болуға тиіс.

Шетелдік әуе кемесінің экипажы көрсетілген талапты орындамаған жағдайда, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 3 bis-бабының а) тармағының ережелерін қоса алғанда, халықаралық құқықтың қолданылатын нормаларын пайдалану мақсатында ақпаратты әуе қозғалысын басқару органдарына жеткізеді.

Осы Ереженің мәнмәтінінде қонуға арналған қолайлы әуеайлақ қонуды қауіпсіз орындау үшін шетелдік азаматтық әуе кемесі командирінің талаптарын қанағаттандыратын халықаралық әуеайлақ болып табылады.»;

көрсетілген Қағидаларға 3-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 3-1-қосымшамен толықтырылсын;

осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 3-2-қосымшамен толықтырылсын;

көрсетілген Қағидаларға 6-қосымша осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

көрсетілген Қағидаларға 7-қосымша осы қаулыға 5-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

осы қаулыға 6-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 7-1-қосымшамен толықтырылсын;

осы қаулыға 7-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 7-2-қосымшамен толықтырылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                                                  Ә. Смайылов

 

Қосымша 1 

Қосымша 2

Қосымша 3

Қосымша 4

Қосымша 5

Қосымша 6

Қосымша 7

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу