«Сарыарқа» ауданының І Инвестициялық форумы: $100 миллионнан астам сомаға 11 келісімге қол қойылды

Бүгін Қазақстан елордасында «Сарыарқа» ауданының әкімдігі «Astana Invest» инвестицияларды дамытудың қалалық орталығының қолдауымен Астана қаласының 20 жылдығына орай «Сарыарқа» ауданының І Инвестициялық форумын өткізді.

Шараға ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің, Астана қаласының салалық басқармаларының, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары қатысты. 

Форум әлеуетті инвесторларға «Сарыарқа» ауданының инвестициялық ұсыныстарымен, сондай-ақ, қалаға инвестиция салудың басым бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді. 100-ден аса жер телімдері мен салынып бітпеген объектілер туралы деректер қоры, сонымен қатар инвестицияны қажет ететін басқа да жобалар туралы ақпарат ұсынылды. 

Форум алаңында үш тақырыптық бағыт бойынша интерактивті диалог өткізілді: «реновация және құрылыс», «цифрландыру элементтері бар ақылды қала», «ШОБ және жаңа экономика: креативті капитал және ауданның территориялық дамуы». 

Жалпы алғанда, бизнес ахуалын жақсарту, аудан тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін «ақылды» орта құру, ТКШ саласында энергия тиімділігін арттыру, тұрғын үй қорын қайта жаңарту, МЖӘ дамыту, спорттық кластерді дамыту, креативті қызметтердің сапасын арттыру, шығармашылық пен өнердің әртүрлі бағыттарымен байланыс кеңістігін құру және т.б. мәселелер талқыланды.

300-ден аса форум қатысушыларының арасында — Франция, Германия, Түркия, Канада, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан инвесторлары, сонымен қатар отандық кәсіпкерлер, инвестициялық компаниялар бар.

Іс-шара қорытындысы бойынша шамамен 30 млрд теңге сомасына (~ $100 млн) 11 құжатқа қол қойылды, олардың аясында түрлі секторларда ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.   

«ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты мен Астана медициналық университеті арасында студенттерге арналған жатақхана құрылысы бойынша Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аудан тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру үшін ақылды басқарманы құру бағыты аясында:

  • Жол метеостанцияларын орнату бойынша — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты мен Marcel Boschung AG (Германия) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қар еріткіш жабдықты шығару және МЖӘ-нің қарды еріту жобасы саласындағы ынтымақтастық бойынша — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты, Trecan Combustion компаниясы (Канада) мен «ANTMachinery» ЖШС арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Жаяу жүргіншілер желекжолын салу бойынша — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты, «Astana»ӘКК» ҰК» АҚ және «City Box» ЖШС арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Футбол алаңдарын салу бойынша — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты және DUOL (Словения) компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Инновациялық даму аясында:

  • 5G бойынша пилоттық жоба — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты, «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры және «Ұлттық технологиялар және байланыс зерттеу институты» АҚ (РФ) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; 
  • Жасыл көшеттерді мелиорациялау кешенін басқаруға инновациялық технологияларды ендіру бойынша — «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты және «Smart Irrigation» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Сонымен қатар, ритейл саласын дамыту мақсатында «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты, «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ және «Keruen Global» ЖШС компаниясы арасында «Гастрономиялық базар» құрылысы бойынша меморандумға қол қойылды.  

Анықтама: «Сарыарқа» ауданы 06.05.1998 жылы Елбасы Жарлығымен құрылған. Ауданның 20 жыл ішіндегі жетістіктері:

  • Аудан тұрғындарының саны 2,5 есеге артты (1999 ж. — 157 162 адам, 2018 жылы — 386 471 адам);
  • Жергілікті бюджетке түскен салықтық кірістердің мөлшері 59 есе артты. «Сарыарқа» ауданы Астана қ. жергілікті бюджетіне түсетін салықтық кірістердің 25%-ын қамтамасыз етеді;
  • Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5 есе өсті (2000 ж. — 35 млрд теңге, 2017 ж. — 175 млрд теңге);
  • Пайдалануға шамамен 4 млн м2 тұрғын үй ғимараттары берілді. 12 орта мектеп, 9 балабақша, 3 заманауи емхана салынды. 2017 жылы 143 мың ш.м. тұрғын үй немесе 1166 пәтер, көлемі 118 мың м2 62 әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысан пайдалануға берілді.
  • Аудан аумағында қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік инфрақұрылымдар белсенді түрде құрылуда: 32 саябақ салынып, 281 аула абаттандырылды, бұзылған апаттық-ескі үйлердің орындарында ойын және спорт аймақтары орналастырылған 2 парк, 10 саябақ салынып жатыр, 100-ден аса аула абаттандырылады.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу