Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан мен Мажарстан Қарағандыдағы зауытта фармацевтикалық өнім өндірісін кеңейтуде

17 қазан 2016, 14:51
Фото: telegraf.com

Қазақстан мен Мажарстан 5 млн долларға Қарағандыда түпнұсқалық дәрілік препараттар шығару жөніндегі фармацевтикалық зауыт өндірісін кеңейту бойынша меморандум жасасты, деп хабарлады «Фитохимия» холдингі басқармасының төрағасы Серғазы Адекенов Қазақстан-Мажарстан бизнес форумы аясында.

«Kaznex Invest» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ және «PannonPharma LTD» мажарстандық компаниясы Қазақстан-Мажарстан бизнес форумы аясында Қарағанды қаласында өсімдік заттары негізінде түпнұсқалық дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру және кеңейту туралы меморандумға қол қойды.

«Біз бүгінгі таңда дәрілік форманың 2 млн-ға жуық ампуласын, қатты дәрілік форманың 150 млн-ға жуық таблетка мен капсуласын, түпнұсқалық дәрілік препараттар шығарамыз. Бірақ, халықаралық, атап айтқанда, PannonPharma LTD-мен ынтымақтастық бойынша еуропалық нарыққа шығу Қарағанды қаласында экстракция бойынша қосымша учаске құрылысын талап етеді, қазір біз өндірісті кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инвестиция 50 де 50, ал бұл барлығы 5 млн доллар. Бізде субстанция өндірісі болады, ал Еуропа үшін дайын өнімді қаптау және шығаруды Мажарстандағы «PannonPharma LTD» компаниясы жүзеге асыратын болады. Біз сәуір айынан бастап бірлескен жұмысты бастап, оны келісімшарттық өндіріс бойынша әрі қарай жалғастырудамыз», - деп хабарлады С. Адекенов.

Ол қазіргі уақытта бір жылдық жусан экстракциясы, артемизенин алу бойынша қосымша учаске салу жоспарланғанын, оған қоса дайын дәрілік форманың қаптамасы Мажарстанда жасалатынын түсіндірді.

Бұдан өзге, «Арглобин» түпнұсқалық қазақстандық ісікке қарсы препараты да Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылады, ал еуропалық нарық үшін дайын дәрілік формаларды шығару «PannonPharma LTD» зауытында жүзеге асырылады.

«Қазіргі кезде тәжірибелі партиялар шығарып жатырмыз және нарыққа шығу үшін бір жылға жуық уақыт керек. Біз Қазақстаннан экспортқа жұмыс жасаймыз – бұл қазақстандық түпнұсқалық өнім», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, елдер арасында «КТZ Ехргеss» АҚ мен «Rail Cargo Hungaria Zrt.» арасындағы халықаралық интермодальдық тасымалдарды дамыту туралы меморандумға, «Абылайхан» компаниялар тобы мен «Лакич» ЖШҚ машина жасау компаниясы арасындағы жел электр станцияларын өндіру және сату туралы келісімге, сондай-ақ, «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы мен «77 Электроника» ЖШҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын атап өту қажет.

Еске салсақ, Астанада Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жалғастыру мен нығайтуға бағытталған Қазақстан-Мажарстан бизнес форумы өтіп жатыр.

Форумға екі елдің 150-ге жуық іскерлік тобы қатысты. Форум шеңберінде Қазақстандық және мажарстандық кәсіпкерлер арасында дәстүрлі екіжақты кездесулер өтті, онда фармацевтика, медициналық жабдық, ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, логистика, АКТ және басқа да экономика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.