Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

К. Шәмшидинова: Ең басты міндет — апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу

15 сәуір 2019, 11:55
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтып берді.

Білім және ғылым министрі білім беру жүйесінің маңызды мәселелерінің бірі инфрақұрылымды дамыту екенін атап өтті.

«Алдағы 3 жылда 190 мектеп салынатын болады. Ең басты міндет – үш ауысымдық мектептер мен апатты ғимараттарда орналасқан мектептер проблемасын, оқушылар орнының тапшылығын шешу», — деді министр.

К. Шәмшидинова сонымен қатар өзгеріп жатқан еңбек нарығының жаңа талаптарын ескерумен білім беру жүйесінің дамуы туралы айтып берді. Химия, биология, информатика және физика пәндері бойынша жұмыс істейтін 14 мың мұғалімнен 11 мың мұғалім ағылшын тілін оқыту курстарынан өткен. Биыл бұл оқыту аяқталатын болады.

«2020 жылдан бастап мұғалімдерді ағылшын тіліне оқытуға жоспарланған қаражат басқа білім беру мақсаттарына бағытталатын болады, ал ағылшын тілінде пән мамандарын даярлау тек педагогикалық ЖОО-ларда жүргізілетін болады», — деді министр.

Орта білім сапасын арттыру туралы айта отырып, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы депутаттармен, педагогикалық қауыммен талқыланғанын, соның нәтижелері бойынша айтылған ескертулер мен енгізілген ұсыныстарды ескерумен заң жобасы тағы бір рет  қайта қарастырылғанын жеткізді. Биыл тамыз айында оны ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланған.

БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, К. Шәмшидинова мұғалімдердің зейнетке шығу жасы мәселесі еліміздің зейнеткерлік заңнамасында қарастырылып жатқанын айтты. Ұстаздық қызмет азаматтық қызметкерлер санатына жатады, сондықтан барлығымен бірге қарастырылатын болады.

«Зейнеткерлік бойынша мәселені біз қазір басқа қырынан көтеріп жатырмыз. Егер адам педагогикалық ЖОО-ны бітірген соң бірден мектепте жұмыс істеп, онда үздіксіз қызмет ететін болса, онда зейнетке шығар кезде педагогикалық ЖОО-да оқыған жылдары жалпы еңбек өтілі ретінде есептелетін болады», —  деді К. Шәмшидинова.

Мәселен, зейнеткерлік заңнамаға бүгінгі таңда үш бағыт бойынша өзгерістер енгізіліп жатыр. Біріншіден, «педагог» бірыңғай түсінігі енгізіледі.

«Бұрын педагог қызметкері және оған теңестірілген қызметкер болатын. Қазір біз бірыңғай ұғым енгізіп жатырмыз, онда бәрінің құқық бірдей болады. Яғни, бұл норманы іске асыру үшін қосымша бюджет қаражаты қажет болады. Өйткені мұғалім 56 күнтізбелік күн демалады, ал тәрбиеші – 42 күнтізбелік күн демалады. Оны (ескерт. – еңбек демалысын) 56 күнге дейін жеткізу керек», — деді К. Шәмшидинова. 

Екінші мәселе — мұғалімдердің құқықтарын қорғау – үш позицияда қарастырылады: педагогтің кәсіби қызметіне араласпау, оның ар-намысы мен абыройын қорғау, сонымен қатар мұғалімдерді олардың келісімінсіз кәсіби тұрғыдан қажетсіз қызмет саласына тартпау

«Біз заңға енгізіп қана қоймай, "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодекске енгіземіз. Онда нақты нормаларды қоямыз: бірінші – ескерту, одан соң – айыппұл санкциялары. Біз оны басқа санаттар үшін қандай деңгейде қарастырылған болса, сондай деңгейде қарастыратын боламыз», — деді министр.

Балаларын оқытуға қатысты ата-аналардың жауапкершілігі мәселесі бойынша ҚР білім вице-министрі Э. Суханбердиева заңнамада балаларының мектеп сабақтарына келмегені үшін ата-аналардың жауапкершіліктері көзделгенін атап өтті.

«Егер бала белгілі бір күндер ішінде мектепке келмейтін болса, онда мұндай жағдай кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады. Одан соң прокуратура істі ата-аналардың жауапкершіліктерін анықтау үшін сотқа береді, 3 АЕК және одан жоғары көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Бізде БҒМ-да мұндай жағдайлар мен мұндай отбасылар саны ерекше бақылауға алынған», —деді вице-министр.

Баспасөз конференциясы барысында сонымен қатар жоғары білім мәселелері қаралды. Министр К. Шәмшидинова мемлекеттік тапсырыстың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын кадрларға сұраныс негізінде қалыптасатынын айтты. Өткен жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы 20 мың бірлікке артқан. 

К. Шәмшидинова: Ең басты міндет — апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу
1/4
К. Шәмшидинова: Ең басты міндет — апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу
2/4
К. Шәмшидинова: Ең басты міндет — апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу
3/4
К. Шәмшидинова: Ең басты міндет — апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу
4/4