Балықты өсіруге бағдарлану, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік қолдау шаралары — Қазақстанда балық саласы қалай дамуда

Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың тамыз айында қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, биылғы қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Балық саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Президент тапсырмасының іске асырылуы туралы шолу материалынан оқыңыздар.

Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта  экспорттық әлеуеті де жоғары. 

Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу.

2019 жылы елдегі балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның ішінде балық аулауға 45 мың тонна, балық өсіруге — 7,4 мың тонна, импортқа — 43,5 мың тонна, экспортқа — 30 мың тонна өнімнен келеді. 

Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар — майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары. Бұл өнімдер Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады

Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен $60 млн сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.

Негізінен балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мысалы, көксерке еті Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтар бар.

Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді. Оларға 1646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. 2019 жылы 45 мың тонна балық ауланған. 

Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында іске асады.

 

Акваөсіру — бүкіл әлемде балық саласын дамытудың заманауи драйвері

Табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланудың шегі бар екені белгілі, ал көптеген су қоймаларында балық ресурстарының азайғаны байқалады. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы акваөсіру болып табылады деп есептейді.

«Теориялық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін, бұл ретте негізгі үлесі — 80%-дан астамы Маңғыстау облысының орта Каспий акваториясына тиесілі, мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экспорттық әлеуетті көтеріп қана қоймай, импортты алмастыруды да жүзеге асыратын едік (ақсерке-албырт балығы)», — деді Қ. Исбеков.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып табылады. 

Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Ал балық аулау көлемі, тұрақты деңгейде.

Қазақстанда балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам (1126) жұмыс істейді. 

Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет. 

Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып табылады, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі.

 

Балық шаруашылығының қандай мәселелерін шешу қажет?

Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр А. Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі кедергілерді анықтауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. ҚР ЭГТРМ  осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар — су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.

Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында әлеуеті жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында ақ сақа, алабалық тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары ақ сақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында албырт және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балықтарын өсіруге болады.

Сонымен бірге, өңірлер ТСҚ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады. 

Жақында балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады. 

1. Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы. 

2. Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы.Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді. 

Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет.  

3. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%). 

4. Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі. 

5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған. 

Министрлік Салық, Су, Жер кодекстерне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және күзде Парламентке енгізілетін болады. 

Акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар. Сондықтан ҚР ЭГТРМ «Акваөсіру туралы» Заңды әзірлеу қажет деп санайды. 

Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. 

Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің 81,5%-ы немесе 33) млн теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытудың бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді. Осыған орай, балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұраймыз», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев кезекті Үкімет отырысының бірінде. 

Осыған байланысты, ҚР ЭГТРМ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады. 

Бірінші. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Бұл балық өсіру-биологиялық негіздемелер құнының 50% дейінгі субсидиялар, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу және ұстау шығындары және т. б. 

Екінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады.

Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек, бұл ретте бюджетке салық түсімдері жылына 28 млрд теңгеге жуықты құрайтын болады. 

Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді. 

Проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

 

Балық азығын субсидиялау бағдарламасын іске асыру

Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.

Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырылды. А.ж. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша  350,4 млн теңгеге  субсидия төленді (79%-ы игерілді). Қазіргі уақытта 27 балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда. 

Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген.

Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. 2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды. 

Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі 10 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуді қарастыруда. 

Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды.

Атап айтқанда, биыл «AGCO Corporation» америкалық компаниясын тарта отырып, Ақмола облысында қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіру бойынша жабық үлгідегі балық өсіру кешенін салу жобасы мақұлданды. Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді. 

Ақтөбе облысында қуаты жылына 1500 тонна болатын «Мұрагер-2» ЖШС балық өсіру жобасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 75% аяқталды. Жобаны қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

ҚР АШМ қазіргі уақытта субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін сом және сига балық түрлерінің тізбесіне енгізу мәселелерін қарастыруда. 

 

«ҚазАгро» желісі бойынша балық саласын дамыту бағдарламасы 

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ балық саласын дамыту бойынша қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы айтып берді.

«ҚазАгро» Холдингі» АҚ-ның еншілес компаниялары балық өсіру және қайта өңдеу бойынша 15 жобаны іске асыруды қаржыландырды. Бұл жобалардың көпшілігі Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орналасқан. 

Ағымдағы жылы Түркістан облысында қуаттылығы 900 тонна өнімді құрайтын «Көмеш балық» балық өндіру жобасын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Ақмола облысында қуаты 500 тонна болатын «TAGA GROUP/ТАГА ГРУПП» компаниясының жобасы пайдалануға беріледі.

Қаржыландырылған 15 жобаның жалпы құны 14,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде несие көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.

Жобалардың жиынтық өндірістік қуаты 4 мың тоннадан асады, оның ішінде қайта өңдеу көлемі 1,9 мың тоннаны құрайды.

Балық өнімдері ішкі және сыртқы нарықтарда сатылады. 2019 жылы экспортқа 743 тонна өнім жөнелтілді.

Қаржыландырылған жобалардың көпшілігі сумен жабдықтаудың тұйықталған қондырғылары технологиясын (15 жобаның 9-ы) пайдаланады. Бұл ретте инвестициялардың негізгі көлемі бекіре балығы мен уылдырық өндірісіне (9,4 млрд теңге немесе барлық жобалар құнының 65%-ы) бағытталады.

Қазіргі уақытта тауарлы балық шаруашылығын қаржыландыру бойынша негізгі оператор Аграрлық несие корпорациясы болып табылады.

Қарыздар жабдықтарды сатып алуға, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Несиелер келесі мақсаттарға берілуі мүмкін:

  • көл шаруашылықтары және жайылымдық аквакультура өсіру;
  • тоған шаруашылықтарын дамыту;
  • торлы шағын шаруашылықтар құру;
  • сумен жабдықтаудың тұйық қондырғылары негізінде балық өндіру;
  • балықты қайта өңдеу және балық өнімдерінің алуан түрлерін өндіру.

Жабдықтар мен технологияларды қарыз алушылар өздері таңдайды.

Балық шаруашылығын дамытуға несие екі бағдарлама — «Агробизнес» және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша беріледі. Осы бағдарламалар бойынша қарыз берілетін ең ұзақ мерзім — 10 жылға дейін. 

«Агробизнес» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық қор қаражаты есебінен 6%-ды құрайды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% құрайды. Жеңілдікті кезең — 2 жылға дейін.

Қарыздар тікелей және несиелік серіктестіктер жүйесі арқылы беріледі. Бұдан басқа, қарыз алушыларға несие беруді жалғастыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру мүмкіндігі көзделеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 15%-ды құрайды, ол субсидияланады. Негізгі құралдарды сатып алуға және соңғы қарыз алушы үшін құрылысқа қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға арналған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды. Жеңілдікті кезең қарыз мерзімінің үштен бірін құрайды. Қарыздар қарыз алушыға тікелей, сондай-ақ несие серіктестіктері арқылы беріледі.

Кредиттік өнімдер бойынша егжей-тегжейлі консультациялық қызметтер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның республиканың барлық өңірлерінде орналасқан  филиалдарында көрсетіледі.

 

Шығыс Қазақстан балық ресурстарына бай өңір 

Шығыс Қазақстан облысын еліміздің балығы ең көп өңірі деп атауға болады. Облыстың су айдындарында 59 ірі кәсіптік балық аулау учаскесі және 97 шағын балық шаруашылығы бар. Жыл сайын 12 негізгі кәсіптік балық түрлері бойынша 10 мыңға жуық тонна балық ауланады. Ағымдағы жылы балық аулау лимиті 10,2 мың тоннаға дейін жеткізілді. Балықтың 93%-ға дейінгі көлемі Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына тиесілі.

Табиғи ортада балық қорларын сақтау мақсатында соңғы 4 жылда балық жіберу 2,5 есеге артты. 

Облыстың балық саласын дамытудың негізгі бағыты акваөсіру (жасанды балық өсіру) болып табылады. Үш (3) жоба сәтті жүзеге асырылды. Екеуі форель өсірумен («Шығыс Универсал», «ГрандФиш» ЖШС) және біреуі бекіре тұқымдас балықтарды («OstFish» ЖШС) өсірумен айналысады

2019 жылы 186 тонна құнды балық түрлері (170 тонна форель, 16 тонна бекіре)  ағымдағы жылы 325 тоннаға дейін (300 тонна форель, 25 тонна бекіре) өсірілді.

Өндірілген өнімді өткізу үшін шикізатты қайта өңдейтін вертикалды интеграцияланған кәсіпорын («АС» СӨҚ ЖШС) құрылды.

Тауарлы көл балығын өсіруді дамыту үшін 17 су айдыны (тоғандар, көлдер) бар.

Сондай-ақ, Күршім ауданында көл шаруашылығы («Балық ресурстарының өсімін молайту орталығы» ЖШС) және қайта өңдеуші («Төре-Тоғам» ЖШС) табысты біріктірілді.

Жергілікті табиғи-климаттық және географиялық жағдайларға сәйкес облыстың мастер-жоспарының жобасы әзірленді. 2030 жылға қарай жыл сайын шамамен 4 мың тонна тауарлы балық алу жоспарланып отыр. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандарын (2 учаске) кеңейту және жаңа тор желілерін (7 учаске) құру есебінен – жылына 3600 тонна, индустриялық шаруашылықтың («OstFish» ЖШС) жобалық қуатына қол жеткізу есебінен  – жылына 45 тонна, жұмыс істеп тұрғандарын (8 су айдыны) кеңейту және жаңа көл шаруашылықтарын құру (9 су айдыны) есебінен - жылына 362 тонна.

Жоспарларды іске асыру үшін су айдындары мен учаскелерді әлеуетті инвесторларға бекіту (конкурс) жүргізілетін болады, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға жем шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар бөлу жоспарлануда.

Шығыс Қазақстан облысындағы балық өсіру шаруашылықтарының бірінің қызметі туралы «ШығысУниверсал» ЖШС басшысы Вячеслав Асанов айтып берді.

«ШығысУниверсал» ЖШС Өскемен су қоймасында тауарлық балық құбылмалы бақтақты торлы әдіспен өндіруші болып табылады. Өндірістің жобалық қуаты жылына 1 000 тонна, оған 2030 жылы шығу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың соңында 200 тонна балық алынады деп күтілуде.

«Бүгінгі таңда бізде 4 600 шаршы метр (36 тор) тор желісі, инкубациялық цех, шабақтар цехы, тоғандар, талқысытып мұздатудан бастап ыстауға дейін балық өнімдерін қайта өңдеу цехы бар. Біз өсірілген барлық балықты өз бетімізше өңдейміз. Екі жыл бұрын алған мемлекеттік гранттың арқасында ұрықтандырылған уылдырық пен өзіміздің отырғызу материалын алу үшін аналық табын құру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді В. Асанов.

2020 жылы кәсіпорын кәсіпорынның жылдық қажеттілігінің 10%-ын құрайтын өз шабағын ала алды.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, даму барысында олар бағыттарды дамытуға және кеңейтуге итермелеген қиындықтарға тап болды.

«Су айдынында балық шаруашылығын жүргізу туралы шарт жасасып, біз оны балықтандыру бойынша міндеттеме алдық. Біздің жағдайда бұл қымбат отырғызу материалдарының бірі ақ тұқым болды, оны тек Ресейде сатып алуға болады. Осы жағдай бізді инкубациялық цех базасында пелядь пен рипус дернәсілдерін өндіруге итермеледі. Биылғы жылы біз өз су қоймамызды ғана емес, сонымен қатар басқа да тапсырыс берушілердің су қоймаларын балықтандыра алдық», — деді В. Асанов.

Қазақстан нарығында балық өсіруге арналған арнайы жабдықтың болмауы кәсіпорын басшылығына оны өндіру туралы ойлануға мәжбүр етті. Сонымен, олар шабақ ванналарын, тірі балық бактарын, торларға арналған понтондарды, жем үлестіргіштерді, тірі балықты сұрыптауға арналған машиналарды, тор желісіне қызмет көрсетуге арналған өздігінен жүретін понтондарды, торларға арналған кір жуғыш машиналарды өз бетінше жасай бастады.  

«Біз бұл қиындықтарды шештік. Жалпы алғанда, шет елдердің тәжірибесін зерделеп және оларды біздің табиғи-климаттық жағдайымызға бейімдей отырып, біз өңірдегі алғашқы пилоттық балық өсіру кәсіпорындарын қалыптастыруда біршама жетістіктерге қол жеткіздік», — деді В. Асанов.

Сонымен қатар, В. Асанов алдағы 10 жылда акваөсіру Қазақстан экономикасының қозғаушы күшінің біріне айналатынына сенімді. Ол үшін бізде балық өсіруге арналған бай су қоймалары, бос ішкі нарық, сондай-ақ тамақтану мәдениетінде балық өнімдері басым көрші мемлекеттер бар. Ал бұл экспорт үшін үлкен әлеует. 

 

Су қоймаларының көбеюі балықты көбейтуге мүмкіндік береді

Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің көлдерінің жартысына жуығы бар. Облыс аумағында  көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы ретінде бекітілген 52 су қоймасында өз қызметін жүзеге асыратын 26 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. 69 адам еңбекке орналасқан. 

Облыс аумағындағы ең ірі балық өсіру шаруашылықтары — «Петрофорель» БШ ҒӨО» ЖШС, «Ухов А.Н.» ЖК, «Водолей 2017» ЖШС, «Блинов» ШҚ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ. Бұл кәсіпорындар аймақты, көрші облыстарды жаңа тауарлық балықтармен қамтамасыз етіп, Ресей Федерациясына экспорттайды. Олар жыл сайын балық экспортына ветеринарлық сертификат алады. 

«Петрофорель» БШ ҒӨО» ЖШС және «Ухов А.Н.» ЖК балық өсіру шаруашылықтарының артықшылығы балық өсіру материалын өсіруден бастап тауарлы балық өсіруге дейінгі циклды жүзеге асыру болып отыр.  

Тауарлы балықты өсіру және өсімін молайту жөніндегі жұмысты балық шаруашылығы саласындағы мамандар жүзеге асырады. Балық ресурстарын аулау қазіргі заманғы аулау құралдарымен жүзеге асырылады. Балық өнімдерін мұздату, сақтау және сату үшін жоғарыда аталған кәсіпорындарда тоңазытқыш жабдықтары бар.  

2019 жылы 1 241 тонна балық ауланған. Оның ішінде балық аулау шаруашылықтары 386 тонна балық аулаған. Ағымдағы жылдың 8 айында аулау көлемі 340 тоннаны құрады. Осы кезеңде балық экспорты 130 тоннаны құрады.

Балық өнімдерінің көлеңкелі айналымымен күрес мақсатында балық шаруашылығы су айдындарында, ЖПҚ бекеттерінде және т. б. барлық мүдделі органдармен (табиғат қорғау прокуратурасы, полиция, ветеринарлық қызметтер, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы және табиғи ресурстар басқармасы) тұрақты негізде бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.

Инвестициялар тарту мақсатында жергілікті атқарушы органдар балық саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша аудандық және облыстық деңгейлерде семинар-кеңестер өткізеді.

Бүгінгі таңда облыс аумағында балық өңдейтін заманауи кәсіпорын салу бойынша әлеуетті инвестормен («Алагиум» АҚ) келіссөз жүргізілуде.

 

Арал маңында балық аулау кәсібі қайта жандануда 

Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында Арал теңізінің солтүстік бөлігі қалпына келтіріліп, мыңдаған балықшы ата кәсібіне қайта оралды. «Қызылорда балық ӘКК» ЖШС құрылтайшысы Аманбай Ерхатов өңірде балық шаруашылығының қалай дамып жатқаны туралы айтып берді. 

«Мен Арал балықшыларының бірімін. Балық шаруашылығы саласындағы өз кәсібімді Арал қаласында балық аулау бойынша шағын шаруа қожалығының ашудан бастады. Содан бері мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорда облысында балық өңдеу зауыты мен заманауи жабдықтармен жабдықталған балық қабылдайтын сервистік-дайындау орталықтарын аштым», — деді ол.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында қуаттылығы жылына 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардың 4-іне еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін растайтын «Еурокодтар» енгізілді. 

Арал балығының жоғары сапасына және оған нарықта тиісті сұраныстың болуына байланысты бүгінде ол қарқынды экспортталуда.

Жыл сайын облыста 7-8 мың тонна балық өндірілетініне қарамастан, балық өңдеу зауыттарында шикізат жетіспейді.

Премьер-Министрдің балық шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Атырау облысында «Қызылорда балық ӘКК» ЖШС тауарлы балық өсіру шаруашылығын құруды жоспарлап отыр.

«Екі апта бұрын балық шаруашылығы саласындағы әріптес кәсіпкерлермен бірге біз Түркістан облысында тауарлы балық өсіру жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмастық. Біз Түркістан облысының балық өсірудегі оң тәжірибесіне қызығушылық таныттық және оны осы өңірде енгізуге дайынбыз», — деді А. Ерхатов.

 

Түркістан облысы балық өнімдерінің экспортын арттыруда 

Балыққа бай тағы бір өңір — Түркістан облысы. Мұнда тауарлы балық шаруашылығы (акваөсіру) ерекше дамыған. Аймақ өсірілетін балық көлемі бойынша бірінші орында.

Облыста тауарлы балық өсіруге жарамды көлдердің саны — 134 бірлік, жалпы ауданы 25 475 га құрайды. Оның ішінде 23 жергілікті маңызы бар су айдыны табиғат пайдаланушыларға балық шаруашылығы мақсаттары үшін берілді, конкурсқа жергілікті маңызы бар 21 су айдыны қосымша берілді.

Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығымен жылдық қуаты 8 мың тоннадан асатын 68 кәсіпорын айналысады. Олардың ішінде 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді: Шардара ауданындағы «Хамит» ӘКК, Сайрам ауданындағы «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданындағы «FIRST FISH COMPANY» ЖШС.

«Хамит» ӘКК базасындағы ірі кәсіпорындардың бірі экспорттаушы елдің талаптарына сәйкес балық сүбесін, кептірілген және тұздалған балықты қайта өңдеу болып табылады. Сонымен қатар, қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ету мақсатында балық сүйектерінен ұнтақталған жем дайындау цехтары қайта құрылып, толық жұмыс істеуде.

Ағымдағы жылы өңірде Қытайдың заманауи технологиясы бойынша әзірленген, қуаттылығы сағатына 5 тонна құрама жем өндіретін «Көмеш балық» ЖШС ірі зауыты іске қосылды.

«FIRST FISH COMPANY» ЖШС тұйық жүйенің су (ТЖС) қондырғысында бағалы балық тұқымдарын (бекіре, форель) өсіреді. Зауыт құрылысы Дания технологиясы бойынша салынып, толықтай автоматтандырылды.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қазіргі заманғы технологиялармен ынталандыру үшін биылғы жылы «Жылына 20 тонна тауарлы балық өсіру үшін сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру объектісін құру және кеңейту немесе жылына 40 тонна тауарлы балық өндіру үшін тор желісін қолдана отырып, балық өсіру шаруашылығын құру үшін жабдық сатып алу» жаңа жобасының паспорты әзірленді, паспортқа сәйкес инвестициялық салымдардың 25%-ы өтеледі.

Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шара аясында жыл басынан бері балық аулау қағидалары талаптарын бұзу бойынша 154 әкімшілік оқиға анықталды. Олар бойынша 154 жеке тұлғаға 2 408 теңге көлемінде айыппұл салынды, оның ішінде 143 тұлғадан 2 089 теңге өндіріліп алынды. 

Сонымен қатар, балық өнімдерінің экспорты артып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылы Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай, Өзбекстан елдеріне 3 156 тонна балық өнімі экспортталды. 2020 жылдың 8 айында 1 690 тонна өнім экспортталды.

Балық шаруашылығында пайдаланылатын азықты сатып алуға мемлекет тарапынан қабылданған шығындардың 30%-ын субсидиялаудың бюджеттік бағдарламасы осы саланың дамуына оң әсерін тигізуде.

2019 жылы жергілікті бюджеттен 332 млн теңге бөлініп, 2 858 тонна азық субсидияланды, 1 229 тонна тауарлы балық өндірілді. Оның ішінде 26,7 тонна бекіре, 145,1 тонна лосось және 1057,2 тонна тұқы өндірілді.

2020 жылы 350 млн теңге бөлініп, 5 739 тонна жем субсидияланған, 8 айда 1 540 тонна балық өндірілген немесе 25%-ға артқан, сәйкесінше салық түсімдері 45,2 млн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Оның ішінде 30 тонна бекіре, 75,9 тонна лосось және 1434 тонна тұқы өндірілді.

«Хамит» ӘКК басқарма төрағасы Б. Серманизов кооперативтің жұмысы туралы толығырақ айтып берді.

ӘКК қызметінің негізгі түрлері — балық аулау, балық өсіру, балықты қайта өңдеу және оны өткізу. 

Бүгінгі таңда ұйымда тұрақты түрде 250 адам жұмысқа орналасқан, орташа жалақы мөлшері 150 мың теңгені құрайды.

2010 жылы кәсіпорында ИСО 9001-2000 халықаралық стандарттары және ИСО 22000-2005 тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі стандарты енгізілді. 2011 жылы кәсіпорынға Еуроннөмір берілді, бұл Еуропалық Одақ елдеріне балық экспорттауға құқық берді.

Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Оның ассортиментінде тірі балық, мұздатылған, кептірілген, ысталған балық өнімдері және балық ұны бар. Кәсіпорын өндіретін барлық өнімдер ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ Еуропалық Одақ елдеріне, Ресейге, Украинаға, Израильге, АҚШ-қа, Қытайға экспортталады. Барлық өндірілетін өнімнің 75%-ы шетелге экспортталады. Бәсекеге қабілеттілігі мен жоғары сапасының арқасында кәсіпорын өнімінің тұрақты өткізілуі қамтамасыз етіледі.

2019 жылы 1700 тонна өнім өндірілді, оның ішінде 950 тонна балық сүбесі, 450 тонна тұздалған-ысталған балық өнімдері, 300 тонна балық ұны бар. 2019 жылы 1300 тонна балық өнімі экспортталды.

Жыл сайын кәсіпорын 130 млн теңгеге жуық салық төлейді.

Өнімді өндіру үшін Шардара су қоймасынан алынған шикізат пайдаланылады, бұдан басқа қазақстандық балық шаруашылығы ұйымдарынан (Каспий, Арал, Зайсан) шикізат сатып алынады, сондай-ақ Ресей аумағынан әкелінеді. Дегенмен, қуаттылықты толық жүктемелеу үшін шикізат жетіспейді.

«Осыған байланысты, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін біз 2015 жылдан бастап балық өсірумен айналысамыз. Компания инкубациялық цехта дернәсілдерін алудан бастап, тауарлы балық өсіруге дейінгі балықты өсірудің толық циклін жүзеге асырады. 2015 жылы біз Түркиядан $60 мың сомасына торлар сатып алдық және Шардара су қоймасында балықты шарбақпен өсіру бойынша жоба іске қосылды», — деді Б. Серманизов.

Қазіргі уақытта торлардың өндірістік қуаты жылына 350 тонна балықты құрайды, онда тұқы, бекіре және Африка жайыны өсіріледі.

2019 жылы осы торларда 150 тонна тауарлы балық өсіріліп, Алматы және Шымкент қалаларында тірі күйінде сатылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурыз айында Қызылқұм каналының бойындағы тоған шаруашылығының жобасы іске қосылды, оның жобалық қуаттылығы 24 млн дана дернәсіл мен 2 млн дана жас шабақты құрайды.

Сондай-ақ су қоймасын одан әрі балықтандыру мақсатында балықтың торта, қылышбалық, шнайка, табан, торта және көксерке сияқты кәсіпшілік түрлерінің жасанды өсімін молайтуды жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, жобалық қуаты жылына 200 тонна болатын торларда және ТСЖ-да тиляпия мен африкалық жайынды өсіру бойынша жоба әзірленуде.

Кәсіпорын акваөсіруді дамытуға көп көңіл бөледі, жоспарлы түрде толық жүйелі балық өсіру шаруашылығының, азық өндірісінің барлық элементтерін және брендтелген сауда нүктелерін ұйымдастыруды қамтитын кластер құрады.

2020 жылы «Хамит» ӘКК Шардара қаласында орналасқан №16 колледжді сенімгерлік басқаруға алды. Колледжді жыл сайын балық өсіруші, балықты қайта өңдеуші және балықшы мамандықтары бойынша 50-ден 70-ке дейін түлек бітіріп шығады. Кәсіпорын студенттер үшін практикалық-өндірістік база болып саналады.

Сонымен қатар, колледж базасында балық өсіру бизнесімен айналысқысы келетіндердің барлығын балық өсіруге оқыту орталығын ашу жоспарланған.

Түркістан облысының Шардара ауданында ұзаққа созылатын вегетациялық кезеңді ескере отырып, тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Шардара су қоймасында 5 мың тонна, сондай-ақ Қызылқұм каналы бойындағы тұзды топырақтағы жасанды тоғандарда, күріш алқаптары және басқа көлдерде 5 мың тонна балық өсіруге болады.

Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін «Хамит» ӘКК келесі шараларды қабылдауды жоспарлап отыр:

  • фермерлерді, жергілікті тұрғындарды акваөсірудің қыр-сырына жаппай тарту және оқыту;
  • жергілікті балық өсіру шаруашылықтарын балық өсіру материалдарымен және азықпен қамтамасыз ету;
  • тауарлық балықты сатуды ұйымдастыру.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу