Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №70

2018 жылғы 29 қаңтар мен 3 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

Өткен аптадағы басты оқиға 2 ақпанда Алматы қаласында өткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы болды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, Армения Республикасының Премьер-Министрі К. Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А. Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С. Исаков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Д. Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Төрағасы Т. Саркисян қатысты.

Отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Сол күні Алматы қаласында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» Халықаралық форумы өтті. Оның жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Премьер-Министрлері, Әзірбайжан, Тәжікстаннан келген ресми делегациялар, сондай-ақ шетелдік жетекші сарапшылар мен халықаралық ІТ-компаниялардың өкілдері қатысты.

Форумның пленарлық отырысының жұмысын ашқан Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Н. Назарбаевтың шараға қатысушыларға арнаған сөзін оқып берді.

Сейсенбі күні, 30 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, бәсекелестікті дамыту, Пхенчхан қаласындағы (Оңтүстік Корея) 2018 жылғы ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралды. 

Сәрсенбі күні, 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссия отырысы өтті. Отырыс аясында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі бағыттары бойынша келісілген позицияларды анықтайтын ҚР Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісімге қол қойылды.

Сол күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жаңа жасыл технологияларға шетелдік инвестицияларды тарту, энергияның жаңартылатын көздерін, сондай-ақ көміртектің шығарылу деңгейі төмен экономикаға жаһандық көшу тұрғысынан жалпы электр энергетикасын дамыту мәселелері талқыланды.

Бейсенбі күні, 1 ақпанда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Экономика жөніндегі сараптама кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында Төртінші өнеркәсіптік революцияның ел экономикасының нақты секторына әсері мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, өткен аптада ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру мәселелері бойынша АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу