Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҰБТ тапсыру кезінде түлектердің 85% шекті деңгейден өтті — ҚР БҒМ

07 тамыз 2018, 10:44
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, биыл ҰБТ 15 рет өткізілді. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1,775 млн мектеп бітіруші қатысты. Бұл барлық түлектердің 80%-ын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарды: мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы.

«Өздеріңізге белгілі, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына қабылдаудың түсу емтиханы болып қалып отыр», — деді Ерлан Сағадиев.

2017 жылдан бастап «Алтын белгі» мектепте беріледі. Осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 6800 адамнан асты.

Биыл талапкерлер үшін тестілеуден өту рәсімдерін жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізілді.

Біріншіден, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ берілді. Онда сол баланың таңдаған профиліне сәйкес бара алатын мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының өту балы көрсетілген. Барлық маңызды және қажетті ақпарат әр түлекке ұсынылды.

Екіншіден, ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған бітірушілерге келесі лекте немесе кешенді тестілеу аясында тест тапсыру мүмкіндігі берілді.

Үшіншіден, қабылдау кезінде бірыңғай колл-орталық іске қосылды.

Е. Сағадиевтің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам түлек өтініш берді. Олардың ішінде 75% — қазақ тілінде және 25% — орыс тілінде. Сәйкесінше, комиссияның шешімімен жалпы гранттардың 75% қазақ тілінде және 25% орыс тілінде білім алуға бөлінді.

ҰБТ-ға 98 мыңнан астам адам қатысты. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл — 83. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80,5 балды құрады. Шекті деңгейден 84 мың бітіруші, яғни қатысушылардың 85% өтті.

Сондай-ақ, ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 51 түлек қатысты. Оларға жеке аудитория берілді, көмекшілер, сондай-ақ ымдау тілін білетін мамандар көмек көрсетті.

Биыл ҰБТ-дан ең жоғары 140 балды бір оқушы — Алматы қаласының тұрғыны Шиара Құдайбергенова жинады.

Министр соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер арасында рейтинг жүргізілмейтінін айтты.

Биыл барлығы ҰБТ-да 30 мыңнан астам тест тапсырмалары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101 өтініш қанағаттандырылды.

Министрдің айтуынша, ҰБТ өткізу кезінде Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері кірді.

«Осы жылы тестілеу барысында 82 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 54 мыңнан астам ұялы телефон, роутер, модем секілді және 28 мыңнан астам қағаз түріндегі заттар табылды. Мұндай фактілер жыл сайын кездесіп отырады. Бұл бағыттағы бақылауды әрі қарай да күшейтетін боламыз», — деп мәлімдеді Е. Сағадиев.

ҰБТ өткізу кезінде 1200 аудитория қолданылып, олардың 90% онлайн-таратылыммен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. Сондай-ақ, ҰБТ өткізу кезінде орталықтар 4G стандартты байланыс сигналдарын басатын құралдармен, металл іздегіштермен толығымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар ҰБТ өткізу орталықтарында тамақтандыру және ата-аналар үшін күту орындарын, ауылдан келген түлектер үшін көлікті қамтамасыз етті, сондай-ақ, медицина қызметкерлері тест өткізу орнында кезекшілік етті.

Кешенді тестілеуге (КТ) келсек, ол 14–18 шілде аралығында 48 ЖОО базасында өткізілді. КТ-ға қатысуға 45 мыңнан астам адам өтініш беріп, 42 700 адам немесе өтініш бергендердің 93,2% қатысты. Жалпы шекті деңгейден қатысқандардың 56,4% өтті.

Қазіргі таңда мемлекеттік білім гранттарын тағайындайтын республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Байқау нәтижелері БАҚ-та жарияланды.

«Биыл мемлекеттік білім гранттарына қосымша жергілікті атқарушы органдар есебінен 2700-ге жуық грант бөлініп отыр. Нормативтік база дайын. Бұл гранттар айдың аяғына дейін бөлінеді», — деді Е. Сағадиев.

Бұдан өзге, ҰБТ және КТ тапсырмаған және шекті деңгейден өтпеген балалар үшін тестілеуді қайта тапсыру 15–19 тамыз аралығында өткізіледі. Бұл тестілеуден шекті балды алмаса, өткен жылдағыдай ЖОО-ға бір семестрге оқуға қабылдау мүмкіндігі сақталып отыр.

Қорытындылай келе, білім және ғылым министрі педагогтер қауымы мен ата-аналар тарапынан түскен ҰБТ мен КТ процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жеткізді. Осылайша, ҰБТ мен КТ-ны біріктіру, ҰБТ өткізу процесінен мектеп мұғалімдерін босату, мектептерде сынама тестілерін өткізбеу, мемлекеттік білім гранттарын оқу тілдеріне бөлмей тағайындау және т.б. мәселелер қаралып жатыр.

Е. Сағадиев осы ұсыныстар тамыз кеңесінде кеңінен талқыланып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев биыл ҰБТ сәтті өткізілгенін атап өтті. Білім және ғылым министрлігі мен әкімдіктер тарапынан үлкен жұмыс атқарылды. Премьер-Министр министр Ерлан Сағадиевке 15–19 тамыз аралығында қайта тестілеуді осындай жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.  

Сонымен қатар, педагогтер қауымы мен ата-аналардың ұсыныстарына баса назар аударып, келесі оқу жылында өтетін тестілеуге дайындық мәселелерін қайта қарау тапсырылды.  


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз