ҚР Үкімет отырысы, 24.09.2024

24 қыркүйек күні Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар, Су ресурстары және ирригация, Көлік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары халықты қолдау шаралары мен қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндады. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Үкімет басшысы еліміздің 12 өңірі зардап шеккен биылғы су тасқынының ауқымын атап өтті. Келтірілген залалды бағалау жұмыстарынан соң қираған немесе бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді. Сонымен қатар отбасыларға 9 мыңнан астам үйді жөндеуге қаражат төленіп, нарықтан 6 мыңға жуық пәтер мен үй сатып алынды. Бүгінгі таңда 2 576 үй салынды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыстар бітуге жақын. Премьер-Министр жаңа тұрғын үйлерді тез арада аяқтап, баспаналарды тұрғындарға тапсыру қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ Олжас Бектенов әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырды.

Мәселені қарау нәтижесінде Премьер-Министр министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді:

  • Өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс.
  • Су ресурстары министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын.
  • Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпан айының соңына дейін министрліктер мен әкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, «Су тасқындарын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс.
  • Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.
  • Өңір әкімдері биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу