​​​​​​​ҚР Үкіметінің отырысы, 04.07.2023

4 шілдеде Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеше, 3 шілдеде, Маңғыстау және Атырау облыстарында орын алған төтенше жағдай қаралды. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, ҚазМұнайГаз компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов баяндама жасады.

— Премьер-Министр энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауды, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюды тапсырды. Осы орайда  Әлихан Смайылов қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жететінін айтты.

 — Әрі қарай вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

 — Үкімет басшысы барлық суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру, сондай-ақ суармалы суға тарифтерді қайта қарау қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр су дипломатиясы бойынша нақты позицияны айқындап, оны үкіметаралық комиссиялар шеңберінде республика мүдделерін ескере отырып қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ су шаруашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын, сондай-ақ суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Оған қоса Субсидияларды саралау ережелерінің тез арада қабылдануын қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суларды қайта пайдаға жаратуды тапсырды.

 — Сонымен қатар отырыста бизнес-климатты жақсарту шаралары қаралды. Аталған тақырып бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков баяндама жасады.

 — Үкімет басшысы моноқалалар мен шағын елді мекендерде шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндіктерін жақсартуды және кеңейтуді, шикізаттық емес салалардың, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін кеңейтуді, артық реттеушілік талаптарды жою, сондай-ақ бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді, білікті мамандарды, әсіресе жоғары технологиялық салалар үшін сапалы етіп даярлауды қамтамасыз етуді,  бизнес-ортаны жақсарту бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы кәсіпкерлермен уақытылы кең түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу