ҚР Үкіметінің отырысы, 20.04.2021

—  Үкімет отырысында еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау және ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейін жоғарылату мәселелері қаралды.

—  Халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов баяндады.

— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықты, әсіресе, қамтылуы төмен өңірлерде вакциналаумен қамтуды кеңейтуді, ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындауды, коронавируспен ауырып қалған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуді және дәрі-дәрмектердің болуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

— Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндады.

— Үкімет басшысы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.

— Ауылда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.

—  ҚР Премьер-Министрі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды, сондай-ақ жоспарланған барлық жобалардың іске асыруды және 2025 жылға қарай ауылдық аумақтарды дамыту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу