26 Мамыр 2026, 14:31
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, биыл елімізде 3 млн 900 мың оқушы білім алды. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13 175 (6%), «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 11 сыныпта 18 555, 9 сыныпта 31 181 оқушыны құрайды. Биылғы оқу жылында 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алды. 168 мың студент оқуын аяқтайды.
Ғылым және жоғары білім министрі биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталатынын айтты. 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың хабарлауынша, биылғы жаздан бастап елімізде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар болатын объектілерді мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1,7 млн-ды құрайтынын атап өтті. Министрліктің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5,3 мың оқушы жұмыспен қамтылған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, маусым айында Қазақстанның барлық қалаларында өтетін «Автобус» жедел-профилактикалық акция аясында полицейлер балаларды тасымалдау үшін көліктің техникалық жағдайын тексереді және жолдарда жүргізушілерді бақылауды күшейтеді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда 305 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтитын 922 дене шынықтыру клубы жұмыс істейтінін атап өтті.
Төтенше жағдайлар вице-министр Кеген Тұрсынбаев балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол жазғы кезең дәстүрлі түрде су айдындарында, демалыс орындарында, туристік маршруттарда және көпшілік жиналатын нысандарда балалардың белсенділігі артатынын атап өтті.
Премьер-министр 200 мыңнан астам түлек үшін өте маңызды есею кезеңі басталғанын, емтихандар, Ұлттық бірыңғай тестілеу және жоғары оқу орындарына түсу уақыты келгенін атап өтті. Осы жауапты кезеңді тиісті деңгейде әрі қауіпсіз өткізу – барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет. Әрбір мектеп оқушысы, әрбір түлек, әрбір студент үшін оқу жылын сәтті аяқтауға және жазғы демалысты толыққанды өткізуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу