ҚР Үкіметінің отырысы, 28.12.2021

28 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Отырыста бірінші мәселе ретінде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі күні 15 өңір және Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» орналасқан. 2 өңір – Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта». «Қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Репродуктивті сан – 0,95 құрайды. Қыркүйек айынан бастап емделіп шыққан адамдардың саны науқастардан 30% артқан;

  • Премьер-Министр тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырып, халықты жаппай ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды;

  • Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады;

  • Үкімет басшысы бір ай ішінде Құрылыс индустриясы жобаларын іске асырудың 2025 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Нарықта делдалдардың жұмысына жол бермеу және құрылыс материалдарының құнын арзандату мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, 2022 жылғы 1 наурызға дейін «Маркетплейс» онлайн алаңын өнеркәсіптік пайдалануға беру тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, әкімдіктермен бірлесіп құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсу фактілері бойынша уақытылы әрекет ету шараларын қабылдау және тұрақты бақылау тапсырылды;

  • Сонымен қатар Үкімет отырысында әділет министрі Марат Бекетаев Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жылғы жоспарының орындалу барысы және Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы туралы баяндады. Жалпы соңғы жылдары Жоспардың орындалуы оң серпінді көрсетіп отыр. Биыл Жоспарға қосымша заң жобаларын енгізу бойынша түзетулер болған жоқ. 2021 жылға арналған Жоспар толықтай орындалды;

  • Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапалы әзірленіп, Үкімет пен Парламентке уақытылы енгізілуін қатаң бақылауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу