Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №32

2019 жылғы 30 қыркүйек – 5 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланды, сондай-ақ, ауылда интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері қаралды. Асқар Мамин тиісті мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ҚР Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесе отырып, өңірлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстарын жеделдетуді және ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жылдамдату тапсырылды.

  • ҚР Премьер-Министрі ҚР Президенті жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді, онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын цифрландыруды жеделдету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы қаралды.

  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі Диалог алаңы аясында Қазақстанда тіркелген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуін өткізді. Талқылауға ЕО сауда-саттық жөніндегі Бас Директоратының Орталық Азия, Ресей, ТМД, Украина, Батыс Балқан мен Түркия бойынша бөлім басшысы Петрос Сурмелис, Германия, Франция, Нидерланды, Польша, Австрия, Испания, Эстония, Италия, Латвия, Грекия, Испания, Хорватия, Румыния, Словакия, Венгрия елшілері, Литва, Португалия, Болгария, Финляндия, Бельгия, Чехия өкілдері, әлемдік ірі компаниялардың басшылары, өкілдері қатысты.

  • Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Шымкент қаласында әуежайдың жаңа терминалының салыну барысын тексерді, тұрғын үй алабының инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты, туристік және экспортқа бағдарланған нысандарға барды. Түркістан қаласында Асқар Мамин қаланы жаңғыртудың 1-кезеңі аясындағы жұмыстар барысын, оның ішінде әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың құрылысын тексерді, Н. Оңдасынов атындағы аллеяға ағаш отырғызып, көшет отырғызу бойынша республикалық акцияны бастады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу