Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №42

2019 жылғы 9-13 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Индустрияландыру күніне орай Экспо Конгресс орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Премьер-Министр Асқар Маминнің, Үкімет мүшелерінің және «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаттарын және «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Altyn oimaq», «Бизнес Кемелділік», «Іскер», «Ұлы Дала Елі» байқауларының жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті.

  • ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2019 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды.

  • 2019 жылғы 9-11 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарына барып қайтты.

  • Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қаласына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, онда АҚШ-тағы ең ірі және әлемдегі екінші ет өнімдерін өндіруші «Tyson Foods» компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. А. Маминнің «Tyson Foods» компаниясының президенті Н. Уайтпен жүргізілген келіссөздерінің қорытындысы бойынша компанияның Қазақстандағы заманауи ет индустриясын дамытуға қатысу қағидалары туралы келісімге қол қойылды.

  • Омаха қаласында Премьер-Министр Небраска штатының губернаторы Д. П. Рикеттспен және «Valmont Industries» компаниясының президенті С. Каниевскимен кездесті, олармен мал шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, ауыл шаруашылығын сақтандыру, тамшылатып суару және жауынды суару, аграрлық ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу перспективаларын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kusto Group» қазақстандық компаниясы және «Valmont Industries» арасында Қазақстанда су үнемдейтін ирригациялық жүйелер өндірісін ашудың жол картасына қол қойылды.

  • Сан-Франциско қаласында А. Мамин инновациялық және цифрлық даму саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың, атап айтқанда: Дүниежүзілік экономикалық форумның «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының», «500 Startups», «Plug and Play», «C3.ai», «One Web», «Tesla», «Cisco», «Bright Sphere Investment Group», «Valv Technologies», «Qwasar», «Tesla» басшылықтарымен кездесулер өткізді.

  • Үкімет басшысының қатысуымен «QazTechVentures» қазақстандық компаниясын «500 Startups» V Жаһандық қорына қосу туралы, «Darmen Holding» ЖШС және «Plug and Play» арасындағы серіктестік туралы келісімге, «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында Заттар интернетін (IoT) дамытудағы стратегиялық әріптестік туралы құжатқа, Қазақстандық тікелей инвестициялар қоры (KIDF) мен BSIG арасында бірлескен қор құрудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

  • Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Лондон қаласына жұмыс сапары аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесу өткізді.

  • Тәуелсіздік күніне орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды табыстады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу